Қазақстанның автонарығы: жарты жылдың қорытындысы
Импорттың азаюы мен құрамдастардың тапшылығына қарамастан ойыншылар жылдың соңына дейін сауда өседі деп болжайды.
Жаңа автомобильдердің саудасы алғашқы жартыжылдықта аздап төмендеді: Автонарықты талдау және мониторингілеу орталығының (АТМО) келтірген деректері бойынша, алты айда ресми дилерлер жеңіл автомобиль, коммерциялық техника, жүк көліктері мен автобустарды қосқанда барлығы 51 780 автомобиль сатты. Ағымдағы нәтиже былтырғыдан тек 7%-ға ғана төмен. Былтыр қаңтар мен маусым аралығында 56 109 автомобиль сатылған.
Саланың талдаушылары мен нарықтың қатысушыларының пікірі бойынша, алғашқы жартыжылдықтағы сауда динамикасына жартылай өткізгіштерге қатысты туындаған дағдарыс, логистикалық тізбек жұмысының бұзылуы, Шығыс Еуропадағы геосаяси шиеленіс, «рубль-теңге» жұбындағы бағамның күрт көтерілуі және Ресейден жеткізілулердің қысқаруы секілді көптеген фактор әсер еткен.
Алғашқы жартыжылдықтағы 50 мың бірлік деңгейден жоғары болған жалпы сауда көлемі, шын мәнінде саладағы бірқатар қиындықтарға қарамастан былтырғы деңгейін сақтап қалып отыр. Мұны АТМО-ның атқарушы директоры Алмас Дүйсенбай қазақстандық автомобиль құрастырушы кәсіпорындардың өнім шығаруды арттыруы және мемлекет 100 млрд теңге бөлген жеңілдетілген несие бағдарламасының іске қосылуымен байланыстырады.
«Жергілікті зауыттар бірінші жартыжылдықта өнім көлемін 30 пайызға арттыра алды. Негізгі көлем жеңіл автокөліктерге тиесілі, олар 47 мың дана шығарылды, өткен жылы алты айда 34,5 мың дана шығарған болатын. Қызығушылықты тудырған жеңілдікті несиелендіру бағдарламасы туралы ұмытпау керек — ол бойынша қазірдің өзінде 9-10 мыңға жуық көлік сатылған», — дейді сарапшы.
Рубльдің бағамы мен импорттың үлесі
Ресейден автокөліктер мен автокөлік жинақтарын жеткізу азайған тұста нарық қатысушылары Қазақстанда жерсіндірілген автокөліктерге сұраныстың артқанын атап өтті – маусымда олардың үлесі жаңа автокөліктердің жалпы саудасынан 80%-дан астамын құрады. Оған сырттан әкелінетін көліктер бағасының өсуі әсер етті.
«Егер мақсатты көрсеткіштер туралы айтатын болсақ, онда Mitsubishi және KIA дистрибьюторлары бізге ешқандай мақсатты индикаторларды берген жоқ. Біз өзімізге ішкі жоспарларды белгіледік және оған қол жеткізе алмағанымызды айтуымыз керек. Мұның бірнеше себептері болды.
Егер біз Mitsubishi туралы айтатын болсақ, онда биылғы жыл бәрімізге белгілі қаңтардағы оқиғалармен басталды. Біз қалыпқа келіп, сатылымдар тек ақпан айының соңында ғана пайда болып бастады да, сәуірге дейін біртіндеп өсіп отырды. Ақпан айында 15 көлік, наурызда – 20, сәуірде 28 сатылды.
Содан соң Ресеймен, санкциялармен байланысты оқиғалар орын алып, рубльдің бағамы айтарлықтай өзгерді. Машина шын мәнінде өте қысқа уақытта теңгемен есептегенде 60-70%-ға қымбаттап кетті. Машинаның бағасын ресейлік дистрибьютордың өзі көтерді, яғни машина рубльмен 30%-ға қымбаттаса, бағамның айырмашылығына байланысты тағы 40% қосылды», – деді «МЦА TERRA MOTORS» ЖШС директоры Кирилл Шевченко. Компания «TERRA MOTORS» КТ-ға енеді. Топ Nissan, Mitsubishi, KIA, Changan, Chevrolet және JLR бренді автомобильдерін сатумен айналысады.
«Orbis Auto» баспасөз қызметіндегілер CARMA.KZ редакциясының өткен жартыжылдықтың қорытындысы туралы сауалына жауап берген жоқ. Аталмыш компания Қазақстандағы автомобильдердің ірі импорттаушысы болып табылады. «Orbis Auto» портфелі Toyota, VW, Audi, Cadillac, Nissan, Porsche, Exeed, Infiniti және Mitsubishi брендтерінің жеңіл автомобильдерін ұсынады.
Рубль бағамының өсуі және ресейлік автоөндірушілердің зауыттарында өндіріс көлемінің төмендеуі коммерциялық техника сегментіндегі қазақстандық ойыншылардың жұмысына да әсер етті.
«Алға қойған жоспарларды орындау мүмкін болмады. Оның бізге қатысы жоқ себептері бар. Біріншісі – «РОП Операторының» қайта құрылымдалуы. «Жасыл Даму» ашылды, онымен біз жұмысымызды сәуірдің соңына дейін жолға қоя алмадық. Сол уақыттың ішінде рубльдің бағамы күрт көтеріліп, баға өсіп, халық тынышталып қалды. Тек мамырдың басынан бастап жұмыс істей бастадық, бірақ біз үш ай жұмыс істемегендіктен халық техника сатып алуға жүгірді демес едім. Тек коммерциялық көлік емес, сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасымен де жағдай солай болды», – деп айтып берді «Вираж» КТ бас директоры Ермек Ескергенов. Компания ГАЗ, ПАЗ, ЛиАЗ, Урал, МТЗ, UAZ, XCMG және басқа да брендтердің серіктесі болып табылады.
Оның сөзінше, осының алдындағы жылдары компания коммерциялық техника нарығының 60-70%-ын еншілеген. Биыл, 4 айғы үзілісті қоса есептегенде, компанияның коммерциялық техника сегментіндегі үлесі бірінші жартыжылдықта 30%-ды құрады.
«Клиенттер де бейімделеді, біреулер ұсталған техникалар нарығына кетеді, біреуге тез арада қажет болса, бізден сатып алады. Бізде сауда тоқтап қалды деп айтпас едім. Сауда жүріп жатыр, бірақ мұның бәрі ауыр өтуде», — дейді Ескергенов.
Аралық қорытындылар мен болжамдар
Биылғы жылдың соңына қорытынды нәтижелерге келер болсақ, нарықтың қатысушылары сауда деңгейіне қатысты жағымды болжам жасап отыр.
«Бірінші жартыжылдыққа қарағанда екінші жартыжылдық табысты болады деп ойлаймын. Mitsubishi бойынша жасалған қарсы шаралардың арқасында. Онда өте оптимистік жоспарлар бар. Жылдық көрсеткіштер бойынша қазір айту қиын. Мысалы, Mitsubishi бойынша сұраныс қалай болатынын айту қиын, себебі баға түсініксіз. Қандай модельдер бойынша қанша машина болатынын білеміз. Дистрибьютор шамамен 300-400 машина уәде етіп отыр. Яғни аталмыш машиналарың бағасы қызықты болса, онда ол машиналарды сатып, жылдық көрсеткішімізді орындаймыз. Ал KIA-ға келетін болсақ, мұнда да оптимистік жоспарлар бар. Дистрибьютор шілденің соңы-тамызда Қазақстанда бұрын болмаған кейбір жаңа модельдер (KIA Carnival, KIA K9, KIA Ceed) қосылады деп уәде етіп отыр», — дейді «TERRA MOTORS» өкілі Кирил Шевченко
Allur компаниялар тобы жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы жүзеге асырыла басталғалы бастапқы баға сегментіндегі автомобильдерге сұраныс жоғары екенін айтады.
Бірінші жартыжылдықта компания 20 623 жаңа көлік сатқан.
«2022 жылға келер болсақ, ақпан-наурызда әлемдегі саяси-экономикалық жағдайға қарамастан, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша нарық сауданың қалпына келе бастағанын көрсетті. Әрі қарай сәуір-мамырда логистикалық мәселелерге байланысты аздап құлдырау болды. Бірақ маусымда жыл басынан бергі ең үлкен өсімді көрсетті. Мамыр-маусымда өсім +43% болып және сауда 2021 жылғы маусымдағы деңгейге жетті»,– деп хабарлады CARMA.KZ редакциясына Allur баспасөз қызметі.
Компания 2021 жылы қазақстандық автокөлік нарығына жартылай өткізгіштердің жаһандық тапшылығы мен логистикалық мәселелерге байланысты жаңа көліктердің тапшылығы айтарлықтай әсер еткенін атап өтті.
«Автомобильдерді жоспарлы мерзімде жеткізу және сәйкесінше оның саудасы да автонарықтың маусымдылығымен ылғи да сәйкес келе бермеді – сәуірде тағы да сауданың құлдырағаны байқалды, шілдеде жыл бойы болмаған сауда өсімі орын алды, ал әрі қарай маусымдылық сценарийі әдеттегі көрсеткіштерге қайтып оралды. Индустрия үшін әртүрлі жағымсыз факторларға қарамастан — нарық 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы 26%-ға өсті», — деп пікір білдірді Allur өкілдері.
CARMA.KZ редакциясына «Астана Моторс» компаниясының баспасөз қызметі бірінші жартыжылдықта 19 349 бірлік жаңа автомобиль (16 814 Қазақстанда, 2 535 – Өзбекстанда) сатылғанын мәлім етті. Сондай-ақ 5 620 жүрілген автомобиль сатылған. Жылдың соңына дейін жаңа автомобильдер саудасы бойынша жоспар – 53 800 бірлікті (Қазақстанда — 43 800 бірлік, Өзбекстанда — 10 000 бірлік) құрайды.
«Астана Моторс»-тағылардың айтуынша, «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты наурыз айынан бері Accent және Creta моделіне Санкт-Петербургтегі Hyundai зауытынан құрамдастарды жеткізуде қиынтықтарды кешіруде. Компания өзге елдерден құрамдастарды жеткізуге жедел квота бөлу жөнінде «Hyundai Motor Company»-мен келіссөздер өткізді. Десе де зауыт жылына 45 мың автомобиль шығаратын жоспарлы қуаттылыққа шықты және өндірісті арттыруды көздейді.
Топтың портфелінде Қазақстанда жерсіндірілген Hyundai-дың үлесі сауданың 80%-ын құрайды, автомобильдер импортының үлесі — 20%. Бұл алғашқы жартыжылдықта 12 930 және 3 884 бірлік, деп нақтылап кетті Астана Моторс өкілдері.
«Бизнес Кар» баспасөз қызметі CARMA.KZ редакциясының компанияның бірінші жартыжылдықтағы жұмысының қорытындысы туралы сауалына жауап бермеді. Бұл нарыққа қатысушының портфолиосы Toyota және Lexus брендтерінен тұрады.
Автомобиль нарығын талдау және мониторингі орталығының сарапшыларының пікірінше, екінші жартыжылдықта сату динамикасы Қазақстандағы жұмыс істеп тұрған нысандардағы өндірістік қуаттарды арттыру мүмкіндіктерімен, теңгенің ресей рубліне қатысты бағамымен және АҚШ доллары, сондай-ақ нарық қатысушылары логистикалық тізбектердің жұмысын қаншалықты жылдам ұйымдастыра алады.
Олжас Сабитов, журналист
01.08.2022, 11:35