Меню CARMA.KZ

iSeeCars мәліметінше, пайдаланылған электромобильдердің бағасы 10%-ға өсті

Қолданыста болған электромобильдердің бағасы бір жылда 10%-ға өсіп, гибридтер мен бензинмен жүретін көліктер бағасының өсімінен асып түсті

Қолданыста болған электромобильдер нарығы ұзаққа созылған құлдыраудан ақыры шыға бастады. Федералдық субсидиялар тоқтатылғаннан кейін бірнеше жыл бойы бағасы күрт төмендеген электр көліктерінің нарығы қайта жанданып келеді. Қазір сатып алушылар оларды дилерлік алаңдардан бензин қозғалтқышы бар үйреншікті көліктерге қарағанда жылдамырақ алып жатыр.

iSeeCars-тың жаңа зерттеуіне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы қыркүйекке дейінгі бір жылда қолданыста болған электромобильдердің бағасы шамамен 10%-ға өскен. Бұл гибридтер бағасының өсімінен екі есе жоғары, ал небәрі 0,3%-ға қымбаттаған бензин көліктерімен салыстыруға келмейді.

Сарапшылар жасы бір жылдан бес жылға дейінгі 1,5 миллионнан астам көлікті зерттеген. Көрсеткіштер бәрін аңғартады: қазір қолданыста болған электромобильдің орташа бағасы — 32 533 доллар. Салыстырсақ, бензин көліктерінің орташа бағасы — 31 954 доллар. Арадағы айырма небәрі 579 доллар. Ал бір жыл бұрын электромобильдер әлдеқайда арзан болып, айырмашылық екі мың доллардан асатын.

Бағасы күрт өскеніне қарамастан, орташа есеппен ең қымбаты — гибридтер: олардың бағасы 34 476 доллар шамасында.

iSeeCars-тың жетекші сарапшысы Карл Брауэр бағаға жанармай нарығындағы құбылмалылық әсер етті деп есептейді. Бензин бағасының өсуі электромобильдерді жүргізушілер үшін тартымды ете түседі. Оның айтуынша, өзгерістер қозғалтқыш түрлеріне қарай әртүрлі үрдістерді көрсетеді. «Бағадағы бұл өзгерістер әртүрлі жетек түрлері бойынша жылдық үрдістердің айтарлықтай алшақ екенін аңғартады. Бұған жанармай бағасының жоғары деңгейде сақталуы басты себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар электромобильдер сегменті бір жыл бұрын федералдық жеңілдіктердің жойылуынан туындаған сұраныс ауытқуларынан кейін де қайта қалпына келді», — дейді Карл Брауэр.

Электромобильдердің бағасы өсіп қана қоймай, олар дилерлік алаңдардан да жылдамырақ сатылып жатыр. Қыркүйекте «электр көлігін» сатуға кететін орташа уақыт 41,9 күн болды. Бұл бензин көліктерімен (54,8 күн) немесе гибридтермен (48,6 күн) салыстырғанда екі аптаға жуық аз.

Ең жылдам сатылған көліктердің қатарында Audi Q4 Sportback E-Tron (29,8 күнде сатылады), Toyota bZ4X (33,3 күн) және Lexus RZ 300e (34,3 күн) бар. Шағын әрі бағасы қолжетімді модельдерге сатып алушы тезірек табылатыны байқалады. Ал люкс санатындағы электр пикаптар мен жол талғамайтын көліктер тұрақта әлдеқайда ұзақ тұрады: мысалы, Cadillac Escalade IQ сатып алушысын 128 күннен астам күтуі мүмкін.

Кейбір танымал модельдердің бағасы да күрт өсті. Бағасы ең көп қымбаттағандардың көшін Tesla бастап тұр: Model S — 22,5%-ға, Model X — 18%-ға, ал Model 3 — 15,4%-ға қымбаттады. Қазір қолданыста болған Model S-тің қайталама нарықтағы орташа бағасы 57 862 доллар болса, Model 3-тің бағасы — 28 931 доллар.

Баға өзгерісіне көз жүгіртсек, электромобильдер нарығы дағдарыстан шыққаны анық көрінеді. 2026 жылдың басында бағалар әлі де төмендегенімен, сәуірден бастап сенімді өсім басталып, ол алтыншы ай қатарынан жалғасып келеді. Электромобильдердің қайталама нарығы ақыры шын мәнінде нығайып, сатып алушыларға сұранысқа ие көліктерді ғана емес, активтер құнының өсуін де ұсынып отыр.

Вадим Григорьев

Вадим Григорьев, журналист
06.11.2026, 10:52