Жолдың сапасы жайын премьер-министрдің қаперіне салды
Сенатор Серік Шайдаров жергілікті жолдарды тең дәрежеде дамытып, күтіп ұстау үшін барлық жолдарды басқаратын бірыңғай әкімшіні құрып, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ге құзіреттілікті қосу қажет деп санайды.
«Мемлекет басшысы еліміздегі автомобиль жолдарының сапасы төмен деңгейде екенін айтып, 2021 жылдың сәуір айында жол құрылысы саласында стандарттарды мүлтіксіз сақтауға бақылауды күшету шараларын қабылдауды тапсырды», — деп мәлімдеді еліміздің үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған Серік Шайдаров.
Оның пікірінше, жергілікті маңыздағы жолдар мен ауылдың көшелері жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігінде, оларға жолдарды дамытып, күтіп ұстау үшін ылғи да қаржы жетіспей жатады. Жергілікті деңгейде жол жұмыстарының сапасын бақылау нашар ұйымдастырылған.
«Жөндеу тиісті талдаусыз жүргізіледі және қалдық принципі бойынша қаржыландырылады», — деп мәлімдеді сенатор.
Сонымен қатар, оның айтуынша, негізгі жол-құрылыс және жанар-жағармай материалдарының бағасы күрт қымбаттап кетуіне байланысты қазіргі таңда жасалған шарттардағы талаптарда қарастырылған бағаларға түзетулер енгізілуін күтіп отырғандықтан көптеген нысандарда жұмыс тоқтап тұр.
«Түзету шаралары бірнеше айдан бір жылға дейін уақытты алады, бұл жұмыстардың жоспарланған мерзімде аяқталуына әсер етеді», — деп атап өтті Серік Шайдаров.
Тағы бір мәселе — соңғы жылдары «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің көшелерін жөндеуге қыруар қаржы бөлініп келеді, оның дені орташа жөндеу жұмыстарын қаржыландыруға бағытталады. Ал сол орташа жөндеудің сапасы сын көтеріп жатқан жоқ.
«Оның себебі сметалық құжат мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамадан да, ведомствоның өзінің де сараптамасынан өтпейді. Конкурстарды компаниялар 40% жеңілдікпен сатып алады, ал ол жұмыстың сапасына әсер етеді», — деп атап өтті халық қалаулысы.
Оның пікірінше, мәселені шешудің жолдары бар. Біріншіден, жолдарды тең дәрежеде дамытып, күтіп ұстау үшін жалпыға ортақ барлық жолдарды басқаратын бірыңғай әкімшіні құру қажет.
«Елді мекендердің көшелерін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігіне қалдыру керек», — деп пайымдайды Серік Шайдаров.
Екіншіден, шұғыл түрде барлық жолға қатысты жобаларға, оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатындарға да, халықаралық FIDIC келісімшартының стандартты талаптарын енгізу қажет. Бүгінде әлемнің 120 елі осы стандарттармен жұмыс істейді.
Ол үшін, сенатордың пікірінше, Бюджет кодексіне, «Мемлекеттік сатып алу туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға, оларға жыл сайын республикалық бюджеттік комиссия қарап отыратын және ЖСҚ мен ТЭН түзету енгізбей құнының қымбаттау нормаларын қосу қажет.
«Ұсынылып отырған шаралар еліміздің көлік жолдары жобаларын ірі «халықаралық ойыншыларға» тартымды етіп, жұмыстың мерзімін қысқартып, сапасын арттыруға ықпал етеді», — деп санайды Серік Шайдаров.
Үшіншіден, заңға қосымша актілермен елді мекендер көшелерінің жөнделуіне міндетті ведомстволық сараптаманы енгізу қажет. Ал жергілікті жолдардың сапасын бақылау «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК-ның құзіретіне жатпайтындықтан, «аталған кәсіпорынның жауапкершілік аясын барлық жол-жөндеу жұмыстарына, оның ішінде қала мен ауыл жолдарына да бақылау жасауына бірыңғай шарт жасай отырып кеңейту» қажет деп санайды.
Вадим Григорьев, журналист
30.09.2022, 12:30