Harley-Davidson жаңадан бастаушыларға арналған жеңіл Sprint мотоциклін таныстырды
Harley-Davidson Батыс нарығында жас шабандоздарды тартуға бағытталған, бағасы 6 мың доллар тұратын жеңіл әрі қозғалтқыш көлемі шағын Sprint мотоциклін таныстырды
Harley-Davidson жастар мен жаңадан мотоцикл мінгендерге басымдық беріп отыр: компания Sprint деп аталатын жаңа моделін таныстырды. 2027 жылғы бұл мотоцикл бренд әлеміне бастар жол болмақ. 6000 долларға мотоцикл мінушілер көлемі 440 текше сантиметр болатын бір цилиндрлі қозғалтқышқа ие болады.

Жаңа модель сырттай маркаға тән танымал стилін сақтап қалған: оның отырысы аласа, рөлі иілген, алдыңғы шанышқысы көлбеу және дөңгелек дискілері құйма. Мотоциклдің жеңілдігі де басты ерекшеліктерінің бірі — салмағы небәрі 187 килограмм, бұл Harley-Davidson-ның әдеттегі ауыр модельдерінен шамамен 45 кг-ға аз.

Sprint-тің жүрегі — қуаты 27 ат күші, айналу моменті 38 Н·м болатын қозғалтқыш. Ол алты сатылы механикалық беріліс қорабымен жұптасқан. Инженерлер қозғалтқыштың мінезін арнайы жетілдіріп, оның жұмысына аздап бірқалыпсыздық енгізген. Мұның мақсаты — бір цилиндрлі қозғалтқыштың үні аңызға айналған V-twin моторына ұқсауы. Айта кетейік, 1960-жылдары Sprint-тің өзі де бір цилиндрлі болған.

Практикалық жағына келсек, жанармай багына 9,1 литр сыяды, ал жанармай шығыны 100 шақырымға шамамен 2,9 литрді құрайды. Негізгі жинаққа жарықдиодты оптика, 3,5 дюймдік дисплей және ABS жүйесі кірген. Жайлылықты арттырғыңыз келсе, жел әйнегін немесе бүйір сөмкелерді бөлек тапсырыс беруге болады.
Техникалық тұрғыдан Sprint Harley-Davidson Азияда сатқан үндістандық Hero MotoCorp компаниясының X440 моделіне негізделген. Алайда батыс нарығына арналған жаңа модель қайта жасақталып, АҚШ-та, Пенсильвания штатындағы зауытта құрастырылады. Компания бұл модель арқылы Triumph пен Royal Enfield маркаларының шағын көлемді мотоциклдеріне бәсекелес болуды көздейді.
Айдар Ахметов, журналист
11.11.2026, 17:31
