Toyota дөңгелегінен ақау шыққан BZ4X электрокарларын кері сатып алып жатыр
Toyota BZ4X иелері тиісті хабарламаны алып та үлгерді.
Toyota компаниясы BZ4X электромобильдері иелерін көліктерді дилерлік орталықтарға қайтару қажеттігі туралы хабардар етті. Олардың жүрген бойда дөңгелегі түсіп қалатыны белгілі болып отыр.
Бұл мәселе Toyota BZ4X саудаға түскеннен кейін іле мәлім болды. АҚШ-та барлығы 260 машина сатылып кеткен. Олардан басқа алдын ала тапсырыс беріп, бірақ әлі ала қоймаған клиенттер бар.
Компаниядағылар кінәраттың неден туындағанын әлі анықтаған жоқ. Toyota тексеру жүргізіп, дөңгелектің неге түсіп қалатынына көз жеткізбекші. Автоөндіруші проблеманың шешілуін күткісі келмейтін клиенттеріне BZ4X электромобилін қайта сатып алуды ұсынды, деп жазады CNN.
Жапондық компания кері сатып алудан өзге, клиенттеріне бір жыл ішінде Toyota автомобилінің басқа біреуін пайдаланып мәселенің шешілуін күте тұруды, сонымен қатар клиент машинаны қайтарса да, күтсе де оған 5 мың доллар өтемақы ұсынып отыр. Сондай-ақ өндіруші зауыттық кепілдікті мәселенің шешілуіне кеткен мерзімге ұзартады.
Toyota BZ4X электромобильдері Subaru Solterra-ға өте ұқсас. Себебі ол жапондық қос компанияның бірлесіп жасаған әзірлемесі болатын. Бірақ Subaru өз көліктерін кері қайтарып алған жоқ, себебі ақау автомобильдерді сатып алушыға жеткізгенше анықталған болатын.
Машиналарын кері қайтарып алған Toyota жалғыз компания емес. Бұған дейін General Motors концерні де кері алдырды. Компания аккумулятордың тұтануы себебінен Chevrolet Bolt электромобилін кері сатып алды. Тек Chevrolet Bolt-тың Toyota BZ4X-тен айырмашылығы иелері оны әрі қарай пайдалана алды.
Бұған дейін Қазақстанда сұранысқа ие Toyota Camry-дың АҚШ-та краш-сынақтан өте алмағаны айтылды. Сондай-ақ сынаққа Nissan Altima, Chevrolet Malibu, Honda Accord, Hyundai Sonata, Volkswagen Jetta және Subaru Outback седандары қатысқан болатын.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
12.08.2022, 11:30