Меню CARMA.KZ

Көшірме жасаудан әлемдік көшбасшылыққа дейін: жапон көлік өнеркәсібі қалай дамыды

Жапонияның автомобиль өнеркәсібінің тарихы ХХ ғасырдың басынан басталады.

Көшірме жасаудан әлемдік көшбасшылыққа дейін: жапон көлік өнеркәсібі қалай дамыды / Фото: kyodonews.net
Көшірме жасаудан әлемдік көшбасшылыққа дейін: жапон көлік өнеркәсібі қалай дамыды / Фото: kyodonews.net

Бүгінде Жапонияның автомобиль нарығы әлемдегі ең ірі нарықтардың бірі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, Күншығыс елінде 4,45 млн көлік сатылған. Олардың басым көпшілігі — жергілікті брендтердің автомобильдері.

Соғысқа дейінгі кезең

Жапондықтар дербес автомобиль жасауға алғаш рет өткен ғасырдың басында әрекет етіп көрді. Ол кезде бұл елде барлығы 18 мың ғана көлік болған. Оларды тек бай жапондар ғана мінді. Ал қарапайым халық велосипедпен немесе атарбамен қатынады.

ХХ ғасырдың басында бай жапондар автомобильдерді өзге елдерден тапсырыспен алдырды. Автомобильдер негізінен Франциядан жеткізіліп тұрды. Алайда гараждарында шетелдік машиналарға ұқсатып машина жасаған жапондар да болды.

1907 жылы инженер Команосукэ Утияма мен кәсіпкер Синтаро Есида бензинмен жұмыс істейтін қозғалтқышы бар алғашқы жапон автомобилін жасап шығарды. Шын мәнінде ол алғашқы Ford автомобильдерінің бірінің көшірмесі болатын.

Жапондықтар мұндай көліктердің бірталайын жасады. Бірақ олардың барлығы да шетелдік көліктердің көшірмесі еді. Олардың арасында дербес технологияны ойлап шығарғысы келгендер бірен-саран ғана еді. Сондықтан жапонның көлік өнеркәсібі әлемде плагиатпен айналысушы ел деген атқа қалды.

Жапон өндірісінен шыққан алғашқы сериялық автомобиль Mitsubishi Model A болды. 1917 жылы бұл модельдің 22 данасы шықты. Ол италиялық FIAT Tipo 3 негізінде жасалды.

Бұдан кейінгі уақытта Жапон империясында автомобильдерді батыстың компаниялары шығарды. Олар осы елде өз кәсіпорындарын ашты немесе жергілікті зауыттарға лицензия беретін болды. Алғашқы Datsun және Nissan маркалары шын мәнінде британдық Austin 7 және америкалық Graham-Paige, Chiyoda (Isuzu) — Wolseley мен Pontiac, ал Sumida LaSalle автомобиль маркалары болатын. Өткен ғасырдың 30 жылдарында Жапон империясында Ford, General Motors және Chrysler өз кәсіпорындарын ашып алды.

Дегенмен, Екінші дүниежүзілік соғыс басталардың алдында Жапония жергілікті кәсіпорындарды мемлекеттендіру бағдарламасын қол алып, Жапония империясының аумағындағы барлық компаниялар, оның ішінде шетелдік компаниялар да елдің меншігіне айналды. Дәл осы себеппен шетелдік брендтер Жапониядан кетіп қалды, ал жергілікті көлік құрастырушы компанияларда лицензиясы болмағандықтан, жаңа автомобиль шығара алмай қалды. Сондықтан жергілікті зауыттар әскери көлік құралдарын жасауға бейімделді.

Соғыстан кейінгі кезең

Жапонияның көлік өнеркәсібі ХХ ғасырдың 50-жылдары қайта түледі. 1950 жылдың 25 маусымында Кореяда соғыс басталып, күзге таман оған америка күштері араласты. Соғыс қимылдары бірнеше жылға созылатынын ұққан АҚШ үкіметі Жапониядан көлік құралдарын сатып ала бастады.

Toyota 1950 жылы бар болғаны 300 автомобиль ғана шығарды. Компания банкрот болуға шақ қалған. Алайда дәл осы АҚШ-пен жасалған келісімшарт жапон көлік өнеркәсібін құтқарып қалды. Келісімшарт бойынша Toyota америкалық әскерилерге 5 мың көлік құралын жеткізіп, оларға әрі қарайғы уақытта қызмет көрсетуге тиіс болды. АҚШ Жапониядан жалпы сомасы 27,2 млн доллардың (12,8 млрд теңгеге жуық) 12 мың автомобилін сатып алды.

Бірақ осы корея соғысы аяқталғаннан кейін, 1955 жылы Жапония автомобиль импортына тыйым салды. Бұл, араларында Nissan, Toyota және Izuzu секілді ірілері де бар, жергілікті көлік өндірушілерге тағы бір серпін берді.

Бірақ жапон өндірісінен шыққан автомобильдерге бәрібір сұраныс арта қойған жоқ. Оларды ішкі нарықта басқа таңдау болмағандықтан (импортқа әлі де тыйым болды) сатып алса, ал өзге елдерде жапонның көлік өндірушілеріне сеніммен қарамады — оларды батыстікін көшіретін плагиаторлар деп атады.

Өткен ғасырдың 50-жылдарының орта шенінде дүниежүзі «жапонның экономикалық ғажайыбының» куәсі болды. Дәл осы кезде жергілікті үкімет сыртқы сауданы қатаң бақылауға алып, нәтижесінде жапонның көлік өндірушілері АҚШ пен Еуропа нарықтарына шығуға мүмкіндік алды.

1957 жылдың қазанында Toyota Голливудта алғашқы дилерлік орталығын ашты. Компания Америка нарығына шыққан алғашқы жылында 287 Toyota Crown мен бір Land Cruiser сатты. Одан кейінгі екі жылда АҚШ-қа Honda мен Nissan келді. Жапон компаниялары еуропа нарығын да қатар игере бастады.

Осылайша, Күншығыс елінің автомобильдері Батыста арзан әрі жөндеу жағынан да қарапайым көлік ретінде таныла бастады. Ал 60-жылдары Toyota мен Nissan әлемнің 20 ірі көлік өндірушісінің қатарына еніп алса, ал Жапонияда Франциядан да көп автомобиль шығарылды.

Жапон көлік өнеркәсібінің тағы бір қадам ілгерлеуіне тағы да кезекті бір жанжал сеп бола кетті. Атап айтқанда жапонның көлік шығарушылары 1973 жылғы мұнай дағдарысынан ұпайларын түгендеп алды. Осы жылы мұнай экспорттаушы-араб елдері ұйымы (ОАПЕК) Араб-Израиль соғысында Израильді қолдайтын елдерге, атап айтқанда Ұлыбритания, Канада, Нидерланды, АҚШ және Жапония елдеріне мұнай жеткізуді доғаратынын мәлімдеді.

Осының салдарынан отын бағасы әлем бойынша күрт қымбаттап, барлық жерде үнемді әрі арзан жапон автомобильдеріне сұраныс артты. 1975 жылы Toyota АҚШ-та аса сұранысқа ие шетелдік брендке айналды. Ол тіпті Volkswagen-ді басып озды. Америкалықтар арасында әсіресе Toyota Corolla мен Corona, сондай-ақ Nissan (Datsun) 1200 мен Honda N600 модельдеріне сұраныс зор болды.

1979 жылы Жапония сыртқы нарықтарға 2 млн автомобиль экспорттауға қол жеткізді. Алайда жергілікті өндірушілер мұнымен шектелмеді: компаниялар люкс көліктер нарығын жаулап алғысы келді. Honda 1986 жылы Acura-ның премиум-бөлімшесін ашты. 1989 жылы Toyota Lexus-ты, ал Nissan Infiniti-ді өмірге әкелді.

Сөйтіп егер бұрындары жапон көлігі сенімді, қарапайым, үнемді және қолжетімді деп бағаланып келсе, ендігі жерде ол әртүрлі жайлылықтағы автомобильдерімен көзге түсті.

1989 жылы Жапония 13 млн көлік құралын шығарып тастады әрі оның жартысына жуығы (6 млн-дайы) экспортқа жөнелтілді.

ХХІ ғасырдың басында жапон компаниялары өз автомобильдеріне қолжетімділікті арттыруды мақсат етіп, өзге елдерде құрастырушы кәсіпорындарын көптеп аша бастады. 1999-2009 жылдар аралығында жапон брендтерінің азия елдеріндегі зауыттары 5 млн-нан артық автомобиль шығарды. Сонымен қатар АҚШ-та — 30, ал Еуропада 16 кәсіпорын ашылды.

Бүгінде жапон көлік өндірушілерінің мемлекетпен ара-қатынасын Жапонияның көлік өндірушілері қауымдастығы (JAMA) реттейді. Қауымдастыққа 14 компания мүше. Қауымдастық бастапқыда компаниялар арасында технологиялармен және басқарушылық тәжірибемен алмасу мақсатында құрылған болатын. Қазір JAMA көлік өндірушілері мен түрлі елдердің үкіметтерін байланыстырушы ұйым қызметін атқарып отыр.

Қауымдастықтың Токиодағы негізгі штаб-пәтерінен бөлек, Бейжің, Сингапур, Вашингтон, Торонто және Брюссельде бөлімшелері бар. Қазіргі күнде JAMA, ең бастысы, жапон көлік өндірушілеріне өз өнімдерін сыртқа нарықтарда сатуға көмектесетін сауда ұйымы болып саналады.

Жапон көліктері бүгінгі заманда сенімділігімен, сапалы әрі қолжетімділігімен әлемде танымал. Күншығыс елі компанияларының әлемде жүздеген құрастырушы кәсіпорны жұмыс істеп тұр, бұл да Жапонияның нарықтағы көшбасшылығын дәлелдесе керек.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
12.09.2022, 13:21