Меню CARMA.KZ

АвтоВАЗ ресми дилерлеріне қытай автомобильдерін сатуға рұқсат берді

Рұқсат ресейлік өндіруші нарықты толтырып, қалпына келтірген уақытқа дейін уақытша беріліп отыр.

АвтоВАЗ ресми дилерлеріне қытай автомобильдерін сатуға рұқсат берді / Фото: РИА Новости
АвтоВАЗ ресми дилерлеріне қытай автомобильдерін сатуға рұқсат берді / Фото: РИА Новости

АвтоВАЗ ресми дилерлеріне Қытай автомобильдерін сатуға уақытша рұқсат берді, деп хабарлайды 110km.ru ресурсы «АвтоВАЗ» АҚ сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Дмитрий Костроминге сілтеме жасай отырып.

«Дилерлер біздің серіктестеріміз, сондықтан олардың қызметін әрдайым мұқият қадағалаймыз. Біздің модельдік қатарымыз толық болған кезде, ол дилерлерге экономиканы «қаттауға» көмектесті. Сондықтан біз серіктестерімізге басқа маркалы көліктерді сатуға тыйым салдық. Қазір бәріміз білетіндей, жағдай өзгерді, сол себепті біз уақытша басқа брендтердің автомобильдерін сатуға мүмкіндік бердік. Бірақ бұл жерде бір маңызды шарт бар. Ол — біздің технологиялық стандарттарымызды толық сақтай отырып, LADA брендіне зиян тигізбеу», — деді Костромин.

Бүгінгі күні рұқсаттама өз күшіне енді. Мәскеу облысында LADA-мен бірге DFM, Chery және FAW модельдері ресейлік өндірушінің ресми шоу-румдарында пайда болды. Ресейлік авторетейлерлер елдің ішкі нарығында қытай көліктерінің үлесі одан әрі өседі деп отыр. Бірақ дилерлердің барлығы бірдей оларды сатуға кірісіп кетпейді деп санайды. 2022 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша, Ресейде қытай маркаларының жеңіл автомобильдері мен LCV сату және қызмет көрсету бойынша 812 дилерлік орталық болды. Бұл ресейлік брендтер дилерлерінің жалпы санынан (541) 1,5 есе көп.

Негізінде 2013 жылға дейін қытайдан шыққан өнімдерді сататын орындарға қарағанда, ресейлік маркаларды сататын автоорталықтардың саны басым болатын. Бірақ бұл жағдай 2014 жылы өзгерді. Биыл сол үрдіс Украинадағы жағдайларға байланысты Renault және General Motors-тың Ресейден кетуіне, сондай-ақ, шетелден құрамдастарды жеткізудегі қиындықтарға байланысты қарқын алды. АвтоВАЗ-дың жұмысы сәуір, мамыр және маусым бойы қантарулы тұрды, тек тамыз айында жұмыс кестесін толық қалпына келтірді.

Сонымен бірге, Костромин саудасы қайта басталған бірде-бір ВАЗ модельдерінде автоматты трансмиссия жоқ екенін мойындады. Ал «механиканың» саудасы осы маркаға тұтынушылық сұранысты толығымен қалпына келтіре алмайды. Дегенмен, оның айтуынша қалпына келген Lada Granta моделінің қазірдің өзінде Ресейде саудасы қызып жатыр. Ал кейбір аймақтарда оның сату көрсеткіші тұрақты өсіп келеді. Қытайлық көліктерді сатуға рұқсатпен қатар, АвтоВАЗ дилерлері тағы бір жеңілдікке ие болды. Жыл соңына дейін оларда әдеттегі сату жоспары болмайды, алайда соның салдарынан сауда жоғарлағаны үшін бонус алудан құр қалмақ.

Бұған дейін ресейлік концерннің вице-президенті Костромин, Автостат ресурсына берген эксклюзивті сұхбатында келесі жылға дейін ішкі автокөлік нарығының біртіндеп қалпына келуін күтетінін айтқан.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
16.09.2022, 09:19