Меню CARMA.KZ

Geely мен Renault Lotus Type 135-ке арналған Horse W40 гибридті қозғалтқышын таныстырды

Horse Power әзірлеушілері қуаты 670 ат күшіне тең жаңа V8 гибридті қозғалтқышын таныстырды. Ол Lotus Type 135 суперкарының дебютінде қолданылады.

Geely мен Renault бірлесіп әзірлеген Horse Power жобасы жаңа Horse W40 гибрид жүйесін таныстырды. Оның негізінде қос турбокомпрессоры бар 4 литрлік V8 бензин қозғалтқышы жатыр. Бұл қозғалтқыштың қуаты 670 ат күшінен асады, ал айналу моменті — 800 Н·м. Соған қарамастан, агрегаттың салмағы 200 кг-нан аспайды. Сипаттамалары бойынша жаңалық Mercedes-Benz-тің танымал 4,0 литрлік V8 қозғалтқышымен бәсекелесе алады.

Инженерлер турбиналарды цилиндрлер қатарының арасындағы кеңістікке орналастырып, Hot-Vee сызбасын қолданған. Бұл тәсіл жүйені ықшамдап қана қоймай, капот астындағы орынды үнемдеуге де мүмкіндік берді. Әзірлеушілер Horse W40-ты әуел бастан гибрид платформаларға арнап жобалаған, ал мұндай қозғалтқыш орнатылатын алғашқы сериялық көлік — Lotus Type 135 суперкары.

Осы қозғалтқышқа электр моторын қоссақ, Lotus Type 135 көлігінің жиынтық қуаты 986 ат күшінен асады. V8 қозғалтқышымен Horse Power өз әзірлеген сегіз сатылы роботтандырылған 8LDCT беріліс қорабы жұптасады. Ол май ваннасында жұмыс істейтін қос ілініспен жабдықталған. Қорап 1050 Н·м-ге дейінгі айналу моментіне төтеп бере алады, ал берілістерді ауыстыру 20 миллисекундтан аз уақытта орындалады.

Lotus Type 135-тің тұсаукесері 2028 жылға жоспарланған. Көлік мүлде жаңа дизайнмен жасалады және қазіргі Lotus Emira-ға еш ұқсамайды. Қытайда құрастырылатын Eletre және EMEYA электрлі модельдерінен айырмашылығы, бұл суперкар, шамасы, Еуропада шығарылмақ.

Алайда Horse W40 тек гиперкарларға арналған қозғалтқыш емес. Төмен айналымда айналу моменті жоғары болғандықтан, ол қуатты жол талғамайтын көліктер мен пикаптарға да әбден жарайды. Демек, болашақта бұл V8 қозғалтқышы брендтің басқа модельдеріне де орнатылуы мүмкін.

Вадим Григорьев

Вадим Григорьев, журналист
17.11.2026, 14:35