АвтоВАЗ ресей автонарығы 2023 жылға қарай қалпына келе бастайтынын айтты
АвтоВАЗ-дың вице-президенті қытай өндірушілерін өз кәсіпорнының ішкі нарықтағы басты бәсекелесі санайды.
Ресейлік АвтоВАЗ концернінің вице-президенті Дмитрий Костромин Автостат ресурсына берген эксклюзивті сұхбатында ішкі автонарық алдағы жылы ақырындап қалыпқа келе бастайтынын айтты.
«Нарыққа болжамымызға келер болсақ, ақырындап қалпына келеді деп отырмыз. Биылға қарағанда алдағы жыл жақсы болады», — деді Костромин.
Жуырда Автостат Ресейде жаңа жеңіл автомобильдер нарығы маусым-шілдеден бастап тамыз айында да әрі қарай қалыпқа келе бастағанын хабарлаған: тамызда ресейліктер көлік әуесқойлары 42 593 жаңа жеңіл автомобиль сатып алған, бұл 2022 жылдың шілдесімен салыстырғанда 20%-ға көп. Осылайша, мамырда 27 мың 458 бірлікке дейін күрт құлдыраудан кейін нарық ай сайын — маусымда 32 мың 731, шілдеде 35 мың 583 бірлік автомобиль сатылып, өсе бастады.
Десек те 2022 жылғы тамыздағы сауда көлемін 2021 жылдың тамыздағы көлеммен салыстырсақ, ол 64%-ға төмен. Солай бола тұра АвтоВАЗ-дың LADA маркасы сатылған жаңа автомобильдердің саны бойынша алда тұр. Ал Kia маркалы көліктер одан бес есе, қытайлық Haval, Chery мен Geely үш есе аз сатылған. Бірақ дәл осы қытай өндірушілерін Костромин АвтоВАЗ-дың келер жылдағы басты бәсекелестері санайды.
«Ресейдің автомобиль нарығы 2023 жылы LADA автомобильдері мен қытай маркаларынан тұратын болады. Бәлкім басқа да брендтер өз өндірістерін қайта бастар, бірақ біз бәсекелестіктен қорықпаймыз», — деді АвтоВАЗ-дың сауда және маркетинг жөніндегі вице-президенті.
Ол ел үкіметі отандық өндірістен шыққан автомобильдерге арналған жеңілдетілген автонесие бағдарламасын іс қосуы арқасында өнімдерінің саудасы жақсы жүргенін мойындайды. Костроминнің бағалауы бойынша, аталған бағдарламадан соң АвтоВАЗ-дың салондарындағы трафик 50%-ға өскен. Концерн осы бағдарлама бойынша шамамен 6,5 мың көлік сатқан. Сондай-ақ аталған бағдарлама келер жылы да үлкен жоспарды іске асыруға ықпал етеді деген үмітте.
«АвтоВАЗ 2023 жылы 500 мыңға дейін автомобиль шығаруға дайын. Алайда барлығы нарықтың қажеттілігіне, елдегі және әлемдегі экономикалық және технологиялық жағдайға байланысты болады», — деп мәлімдеді Костромин.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Ресейде АвтоВАЗ-дың өндірістік алаңдарында құрастырылған 350 мыңнан астам автомобиль сатылды. Сонымен қатар «Газета.ру» басылымы аталмыш кәсіпорын егер автомобиль құрамдастарының тапшылығына байланысты мәселе болмағанда қосымша тағы да 109 мың автомобиль шығара алатын еді деп жазды. Бұл мәселе биыл да ушығып, АвтоВАЗ бірнеше модельдің өндірісін тоқтатып қоюға мәжбүр болды, деп атап өтті концерннің вице-президенті.
Мәселен, LADA XRAY хэтчбэгі биылғы жылдың соңына дейін шығарылмайтыны анық. Себебі бұл модель негізінен шетелдік құрамдастардан жиналады.
«LADA XRAY тағдырына, келісім бойынша біз Ресейде құрастыра алмайтын Renault кейбір модельдеріне келер болсақ, олар жайлы директорлар кеңесінде жеке талқыланатын болады», — деді Костромин.
Ол сондай-ақ АвтоВАЗ-дың бүгінгі таңдағы ірі сегмент саналатын SUV («қала тұрмысына арналған») өндірісін кеңейту жоспарын барын растады. АвтоВАЗ ол сегментте тек Niva-дан өзге ештеңе ұсынып отырған жоқ. Автостат сарапшыларының пікірінше, бұл санаттағы жаңа автомобиль LADA Vesta базасында жобалануы әбден мүмкін.
Егор Васильев, корреспондент
06.09.2022, 16:07