Меню CARMA.KZ

АвтоВАЗ ана капиталын көлік сатып алуға пайдалануды ұсынды

Концерн сонымен қатар таксомотор парктерін ресейлік өндірістен шыққан көліктерді сатып алуға заңмен міндеттеуді ұсынды.

/ Фото: АвтоГЕРМЕС LADA
/ Фото: АвтоГЕРМЕС LADA

АвтоВАЗ басшысы Максим Соколов ана капиталын ресейлік автомобильді сатып алу үшін пайдалануға заңмен рұқсат етуді ұсыныс етті, деп хабарлайды ТАСС.

Бұл ұсынысты АвтоВАЗ президенті РФ парламентінің жоғары палатасының автомобиль өндірісін дамытуға арналған отырысында айтты.

«Біз жоғарыжерсіндірілген, отандық алғашқы автомобильді сатып алуға ана капиталын пайдалану мүмкіндігі мәселесін талқыласақ дейміз», — деді Соколов.

Соколовтың пікірінше, автомобиль сатып алуға аналық капиталды пайдалану жас отбасылардың материалдық қамтылуының артуына, сондай-ақ автомобиль саудасына ықпал етпек. Ресейде мұндай бастаманы АвтоВАЗ президентіне дейін де көтергендер бар: оның алдында Мемлекеттік Думаның оқу-ағарту комитеті төрағасының орынбасары Яна Лантратова  РФ вице-премьері Татьяна Голиковаға дәл осындай ұсынысты жолдаған еді. Депутаттың түсіндіруінше, ресейлік ата-аналардан келіп түсіп жатқан өтініштерден соң осындай ұсыныс жолдаған.  Ана капиталы — бұл Ресейдегі отбасын қаржылай қолдау бағдарламасы болып табылады. Бағдарлама 2007 жылдан бері іске қосылған және 2026  жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Мақсаты — елде  бала туған кезде  белгілі бір соманы  төлеу арқылы туу көрсеткішін арттыру: алғашқыда  ақшалай төлемдерді отбасында екінші бала туылған отбасылар алып келді, бірақ кейін бағдарламаның аясын кеңейтті.

Қазір енді 2007 жылдың 1 қаңтарынан бері екінші немесе үшінші баланы туған немесе асырап алған  әйелдер,  2020  жылдың  1 қаңтарынан бері бірінші баланы туған немесе асырап алған әйелдер, 2007  жылдың  1 қаңтарынан кейін соттың шешімі бойынша екінші және үшінші баланы жалғыз асырап алушы әкелер, 2020  жылдың 1 қаңтарынан кейін соттың шешімі бойынша бірінші баланы асырап алған әкелер ана капиталына құқылы. Бұдан бөлек  баланың анасы қайтыс болса немесе ата-ана құқығынан айырылған болса, онда оның орнына әкесі ана капиталын ала алады.

2022 жылы аталмыш бағдарлама аясында бірінші балаға төленетін төлемнің мөлшері 524,5 мың рубльді (4 млн 094 мың теңге), екіншіге – 693,1 мың рубльді (5,4 млн теңге) құрады, егер  отбасы бірінші балаға материалдық капиталды алмаған болса, оны рәсімдеген жағдайда 168,6 мың рубльді (1,3 млн теңге) алады. Төлемді баланың білім алуына, ай сайынғы төлемді алуға (егер отбасының кірісі  күнкөріс минимумынан төмен болса),  мүгедек балаларды әлеуметтік бейімдеуге немесе  анасының зейнетақысының бір бөлігін толтыруға жұмсай алады. Сонымен бірге бұл төлемдерді тұрғын үй  жағдайын жақсартуға: үй, пәтер салуға және сатып алуға,  ипотеканы төлеуге жұмсауға болады.

Соколов сондай-ақ ресейлік такси қызметінің көлік парктері үшін иелігінде ресей автомобильдерінің болуын міндеттейтін заңнамалық ереже енгізуді ұсынды.

«Менің білуімше, қазір  такси туралы заң талқыланып жатыр, ол  автомобиль өнімін тұтыну жағынан келгенде өте сыйымды нарық болып табылады, аталған заң аясында таксомотор парктері ресейлік өндірістен шыққан  жоғарыжерсіндірілген автомобильдерді белгілі бір деңгейде пайдалануын қарастыратын  ережені талқылауға болады деп ойлаймыз», — деді АвтоВАЗ президенті.

Бұл жерде әңгіме «РФ-да жолаушылар мен жүкті жеңіл таксимен тасымалдауды ұйымдастыру және  жекелеген заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жайлы болып отыр. Аталмыш заң жобасын Мемлекеттік Дума  қарап жатыр және ол бірінші оқылымнан өткен.  Сонымен бірге сарапшылар  оның кейбір нормалары, атап айтқанда,  ЖКО кезінде таксист пен агрегатордың ортақ жауапкершілігін енгізу — Ресейде такси қызметінің бағасын екі есеге өсіріп жібереді деп отыр.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
21.09.2022, 14:26