Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын қандай бағдарламамен алуға болады
Мемлекет лизингтен бөлек, техника құнының бір бөлігіне өтемақы төлеп немесе пайыздық мөлшерлемені субсидиялай алады.
Қазақстанда жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған 3 мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатыр. Мемлекет бірінші бағдарлама аясында республикалық бюджеттен техника құнының 25-30%-ын өтеп береді. Әкімдіктер төлемді 50%-ға дейін ұлғайта алады, бірақ оны тек жергілікті бюджеттен қарастырулары қажет. Ол үшін сатып алатын техника аймақ үшін маңызды әрі облысты дамыту бағдарламасына енген болуы тиіс.
Сонымен қатар мемлекеттен төленетін төлемді несие немесе лизинг бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Мембағдарламаның операторы ақшаны қарыз берушіге жөнелтеді.
Соңғы 3 жылда аталған мембағдарламаға қатысушылардың саны мен төлемдердің жалпы сомасы өсіп келе жатқаны байқалып отыр:
- 2019 жыл — сомасы 47,8 млрд теңгеге 10 686 бірлік техника;
- 2020 жыл — сомасы 54,8 млрд теңгеге 15 572 бірлік техника;
- 2021 жыл — сомасы 67,8 млрд теңгеге 21 477 бірлік техника.
Ауыл шаруашылығы техникасының басым бөлігі несиеге немесе лизинг бойынша сатып алынатындықтан, Қазақстанда пайыздық мөлшерлемені субсидиялау бағдарламасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін түпкілікті мөлшерлеме 6%-ды құрайды.
Аталған бағдарлама аясында соңғы 3 жылда субсидия өсіп келе жатқанын байқап отырмыз.
- 2019 жыл — сомасы 21,8 млрд теңгеге 6 895 бірлік техника;
- 2020 жыл — сомасы 37,7 млрд теңгеге 13 349 бірлік техника;
- 2021 жыл — сомасы 52,5 млрд теңгеге 17 056 бірлік техника.
Мембағдарламаның үшіншісі ол — «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ы («ҚазАгроҚаржы» АҚ) мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржы институтттары арқылы отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жеңілдетілген несиелеу.
Сондай-ақ 2022 жылдың 5 тамызынан бастап Қазақстанда «Жасыл Даму» АҚ қаражаты есебінен жеңілдетілген лизинг мембағдарламасы іске қосылды. Оған 40 млрд теңге бөлінгелі отыр. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» 30 млрд теңге қаражат тартқаны, ал отандық кәсіпорындар шаруаларға 1,5 мың жаңа трактор мен комбайн әзірлеп қойғаны туралы бұған дейін «Қазақстандық АвтоБизнес Қауымдастығы» хабарлаған болатын.
«Бүгінгі күні «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға 93 трактор мен 53 комбайн сатып алуға Қазақстанның 11 өңірінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінен 9,3 млрд теңге сомаға 113 өтініш түсті», — деп хабарлады CARMA.KZ редакциясының сауалына АШМ.
Жаңа мембағдарламаның шарттары келесідей:
- лизингтің мерзімі — 10 жылға дейін;
- сыйақы мөлшерлесі — жылдық 6%;
- лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) — 0%;
- негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең — 1 жыл.
Лизинг кіші және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге есептелген, сондықтан бағдарламада бір қатысушы 205 млн теңгеден аспайтын және үш дана ғана өзіжүргіш ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лимит белгіленген. Лизингке техника алушыны 2 жылда 1 рет қана қаржыландырады.
Бағдарламаға отандық өндірістен шыққан өзіжүргіш ауыл шаруашылығы техникасының келесідей түрлері қатысады:
- Тракторлар: LOVOL, DEUTZ FAHR, TURAN, КИРОВЕЦ, БЕЛАРУС, RSM, YTO, CLAAS XERION, DONG FENG, WUZHENG
- Астық жинайтын (күріш жинайтын) комбайндар: ESSIL, VECTOR, ACROS, TORUM, CLAAS TRION, DEUTZ FAHR;
- Сүрлем жинайтын комбайндар: Жемшөп жинайтын жоғарыөнімділікті комбайн, Жемшөп жинайтын өзіжүргіш комбайндар.
- Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірушілердің тізімінде
- «АгромашХолдингKZ» АҚ;
- «Қостанай трактор зауыты» ЖШС;
- «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС;
- «СемАЗ» ЖШС;
- «KazrostEngineeringLtd.»;
- «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС;
- «KazKioti» ЖШС;
- «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты бар.
CARMA.KZ редакциясы шаруаларға 100 мыңдай трактор мен комбайн жетіспейтінін анықтап білген болатын. Бүгінде қолда бар техниканың басым көпшілігінің жасы 15 және одан да көп жылдан асып кеткен.
Ербол Казистаев, корреспондент
18.08.2022, 10:25