Қазақстандық шаруаларға 77 мың трактор мен 17 мың комбайн жетіспейді
Жаңадан құрылған жеңілдетілген лизинг бағдарламасы 1,5 мың бірлік техника сатып алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда бүгінгі таңда 147,7 мың бірлік трактор, 38,1 мың астық оратын комбайн, 13,3 мың дестелегіш, 39,5 мың жүк автомобилі, 73,5 мың трактор тіркемесі, 10 мың пішен тайлап-жинағыш, 4,1 мың астық тиегіш, 76,8 мың тұқым сепкіш, 4,7 мың егістік кешені, 5,8 мың бүріккіш және 221,2 мың топырақ өңдейтін техника бар.
Әйтсе де олардың көпшілігі 15 жылдан артық пайдаланылып келеді. Ескі трактордың үлесі 80%, комбайндар 72%-ды құрайды.
«Ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі соңғы 5 жылда жағымды динамика көрсетіп келеді. Егер 2017 жылы жаңарту деңгейі 2,7%-ды құраса, 2021 жылға қарай 4,3%-ды құрады (2 есе өскен). Жаңалаудың минималды технологиялық деңгейінде 6-8%», – деп жауап берді CARMA.KZ редакциясының сауалына АШМ.
Негізгі лизингтік компания саналатын «ҚазАгроҚаржы» АҚ деректері бойынша, отандық өндірістен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын сату үлесі шамамен 70%-ды құрады. Қазақстандық шаруалардың қалауы келесідей тракторлардың маркасына түскен:
- «Кировец»;
- «Версатайл»;
- «Беларус»;
- «Ловол».
Комбайндар арасында келесілер сұранысқа ие:
- Еssil;
- Vektor;
- Acros.
Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер жоғарыда аталған техникалардың барлығы алыс шетелден әкелінетін баламаларынан әлдеқайда арзан екенін айтады.
«Петропавлдағы (СҚО) «СТ Эсэмбли» ЖШС шығаратын CLAAS компаниясының өздігімен жүретін ауыл шаруашылығы техникаларының модельдеріне сұраныс жоғары», — делінеді АШМ-ның жауабында.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, шаруаларға әлі де 77,8 мың трактор мен 17,4 мың комбайн қажет.
Ал ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға жаңадан құрылған лизинг бағдарламаcы сұраныстың тең жартысын ғана жаба алады.
«Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қазақстандық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілер 1,5 мыңнан астам бірлік трактор мен комбайн дайындап қойды. Бұл жаңа өндіргіш техникаға қазіргі сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді», — делінеді Қазақстандық АвтоБинес Қауымдастығының (ҚАБҚ) хабарламасында.
«Жасыл Даму» АҚ мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыру үшін «Өнеркәсіпті дамыту қорына» 30 млрд теңгені жөнелтті. Ол 20 жылға есептелген, ал лизингке жасалған келісімшарттар бойынша төлемнен түскен ақша жаңа келісімдерге бағытталып отырады.
Ербол Казистаев, корреспондент
17.08.2022, 16:11