Мембағдарлама бойынша алғашқы техниканы қостанайлық шаруалар алды
Қостанайда «Кировец» тракторлары мен Essil комбайнын табыстау салтанаты өтті.
2022 жылдың 5 тамызында Қазақстанда отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникаларының лизингі мембағдарламасы іске қосылды. Жоба «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан және «ҚазАгроҚаржы» капитал нарықтарынан қаржыландырылады.
«ҚазАгроҚаржы» деректері бойынша, мемлекеттік бағдарламаның операторына Қазақстанның 11 өңірінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінен 14,6 млрд теңгеге 187 өтінім түскен.
«Бағдарлама Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңартуға мүмкіндік береді. Шарттары өте тиімді. «АгромашХолдинг KZ» АҚ мен «Қостанай трактор зауыт» ЖШС зауыттары бойынша жеңілдетілген лизинг аясында сатуға дайын техниканың бар екенін сеніммен айта аламыз. Олар Essil комбайндары мен Lovol және «Кировец» тракторлары», — деп мәлімдеді «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ның коммерциялық директоры Николай Пархоменко.
2022 жылдың 17 тамызында «АгромашХолдинг KZ» базасында «Кировец» тракторлары мен Essil комбайны Қостанай облысының шаруаларына салтанатты жағдайда табысталды.
«Біз бұл бағдарламаға, отандық өндірістің техникасын, атап айтқанда Essil 750 комбайнын тиімді шарттармен сатып алғанымызға қатты қуанып тұрмыз. Техниканы уақытында алғанымызға ризамыз, өйткені 2-3 күннен кейін егін оруға шықпақшымыз», — деді «Өтемісов Г.Н.» шаруа қожалығының басшысы Олжас Өтемісов.
Айта кетейік, бағдарлама кіші және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге арналған. «Өтемісов Г.Н.» ШҚ-ның егіс алқабы 700 гектарды құрайды.
Сондай-ақ «Кировец» жаңа тракторларын Аркалық қаласынан «Көктем» шаруа қожалығы мен Сарыкөл ауданынан «Майбасова Зарина Магомедова» да алды.
«Мен машина-трактор паркін отандық өндірістің техникасымен жаңартуды жалғастырып жатырмын, біздің иелігімізде екі Essil 740 комбайны бар. Бүгін 6%-дық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша «Қостанай трактор зауыты» ЖШС шығарған «Кировец К-735» тракторын рәсімдедік. Жуырда қосымша 1500 гектар жер алғанбыз, сол жерді енді осы «Кировец»-пен өңдейтін боламыз», — деді «Көктем» ШҚ басшысы Сұлтанбек Сейітов.
Естеріңізге сала кетейік, жеңілдетілген лизинг мембағдарламасының шарттары келесідей:
- лизингтің мерзімі — 10 жылға дейін;
- сыйақы мөлшерлесі — жылдық 6%;
- лизинг бойынша бастапқы жарна (аванс) — 0%;
- негізгі қарызды қайтару бойынша жеңілдікті кезең — 1 жыл.
Лизинг шағын және орта ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге есептелген, сондықтан бағдарламада бір қатысушы 205 млн теңгеден аспайтын және үш дана ғана өзіжүргіш ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға лимит белгіленген. Лизингке техника алушыны 2 жылда 1 рет қана қаржыландырады.
Бағдарламаға отандық өндірістен шыққан өзіжүргіш ауыл шаруашылығы техникасының келесідей түрлері қатысады:
- тракторлар: LOVOL, DEUTZ FAHR, TURAN, КИРОВЕЦ, БЕЛАРУС, RSM, YTO, CLAAS XERION, DONG FENG, WUZHENG
- астық жинайтын (күріш жинайтын) комбайндар: ESSIL, VECTOR, ACROS, TORUM, CLAAS TRION, DEUTZ FAHR;
- сүрлем жинайтын комбайндар: жемшөп жинайтын жоғарыөнімділікті комбайн, жемшөп жинайтын өзіжүргіш комбайндар.
Ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын өндірушілердің тізімінде:
- «АгромашХолдингKZ» АҚ;
- «Қостанай трактор зауыты» ЖШС;
- «Қазақстандық Агро Инновациялық Корпорация» ЖШС;
- «СемАЗ» ЖШС;
- «KazrostEngineeringLtd.»;
- «СТ ЭСЭМБЛИ» ЖШС;
- «KazKioti» ЖШС;
- «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты бар.
CARMA.KZ редакциясы шаруаларға 100 мыңдай трактор мен комбайн жетіспейтінін анықтап білген болатын. Бүгінде қолда бар техниканың басым көпшілігінің жасы 15 және одан да көп жылдан асып кеткен.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
18.08.2022, 16:18