Maxima-ны Nissan доғарысқа жібереді
Жапон өндірушісінің седаны келер жылдың жазында өндірістен алынады.
Nissan компаниясы 2023 жылы Maxima седанын өндірістен алады. Бұл модель бүгінде тек Солтүстік Америка нарығында ғана бар, деп хабарлайды Carscoops басылымы.
Басылым Nissan-ның аталмыш модельге арналған құрамдастарды жеткізушілері мен дилерлерге таратқан ресми хабарламасына сілтеме жасаған. Maxima-ның соңғы, сегізінші буын моделі (А36) келер жылдың жазында конвейерден түседі. Maxima пайда болған уақыт ішінде сегіз буыны алмасып, танымал бизнес-седаннан тек америкалықтардың ғана қолы жететін модельге айналып үлгерді. Оның тағдыры америка нарығында тәмамдалған Ford Fusion, Buick Regal, Volkswagen Passat және Mazda6-ға ұқсас.
Maxima модельдері АҚШ-та 1994 жылы ең көп сатылды. Ол жылы Теннесси штатының Смирне қалашығындағы зауыттан шығарылған модельдің 163 мың 138 данасы сатылды. Қазіргі «сегізінші» Maxima нарыққа 2015 жылы шығып, 2018 жылы рестайлингтен өтті. Бұл «буын» үшін АҚШ-та ең табыстысы — 67 627 бірлік көлік сатылған 2017 жыл болды. Осыдан соң сұраныс біртіндеп төмендей бастады. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша АҚШ-та Maxima-ның 3 мың 753 бірлігі жан-жаққа жөнелтілген. Бұл 2021 жылдың қаңтар-маусымына қарағанда 67%-ға аз.
Ал нарықта қалған бәсекелестерінің көрсеткіштері жаман емес. Мәселен Chrysler 300 — 7 мың 582 бірлік (-31%), Toyota Avalon — 8 мың 120 бірлік (-21%), Dodge Charger 38 мың 459 (-9%) бірлік сатылған. Buick LaCrosse, Chevrolet Impala, Ford Taurus және Kia Cadenza секілді бизнес-санаттағылар қазірдің өзінде нарықта жоқ, ал Maxima жергілікті дилерлерде әлі де сатылып жатыр. Тек қана алдыңғы жетекті седан 3,5-литрлік бензинді, қуаты 304 ат күшіне тең, өзгерткішпен үйлесе жұмыс істейтін V6 атмосфералық қозғалтқышпен жабдықталған. Бағасы 37,8 мың АҚШ долларынан басталады.
Nissan-дағылар Смирнедегі зауытта сегізінші буын Максиманың өндірісі аяқталған соң орнына жоғарытехнологиялық ізбасары өмірге келетінін айтады. Олардың айтып отырғаны 2019 жылғы үлгіде Nissan IMs концептуалды кросс-седанының сериялық нұсқасы деп есептейді Carscoops сарапшылары. Яғни Maxima Toyota Crown-ның қатарына қосылмақшы. Соңғысының жаңа буынының бүгінде кросс-седаны да пайда болғаны мәлім, ал оның өндірісі биылдың соңына дейін іске қосылмақшы.
«Maxima-ның ізбасары 2019 жылы Детройттағы автосалонда таныстырылған Nissan IMs концепті стилінде жасалатын сияқты. Ол жалпы қуаты 483 ат күшіне тең және сыйымдылығы 115 кВТ-сағаттық аккумуляторлық батареялармен жұмыс істейтін электрлі мотормен жабдықталған болатын. Бір реттік қуаттаумен жүріс қоры 600 шақырымды құрады. Nissan сол кезде-ақ IMs электрокары «жаппай өндіріске дайын» деп мәлімдеген еді», — деп жазады басылым.
Егор Васильев, корреспондент
16.08.2022, 11:29