Toyota көпшілікке таныс Crown моделін жандандырмақшы
Жапондық автоконцерн Crown моделінің жаңа буынын 2022 жылдың соңына қарай саудаға шығарады.
Toyota компаниясы биыл жылдың соңына қарай саудаға шығатын Crown-ның жаңа моделін таныстырды. Жапондық концерннің танымал моделі тек классикалық седан ғана емес, енді кроссовер түрінде ұсынылады, деп хабарлайды autostat.ru.
Toyota-ның 1955 жылы шыққан Crown моделі бұқараға арналған алғашқы жолаушы автомобилі болды. Әйтсе де кейін Crown толық көлемді седанға айналып, «бұқаралық» көліктен люкс көлік санатына көтерілді. Яғни, Жапонияның өзінде бұл марканы ірі кәсіпкерлер лимузин ретінде пайдаланады. Бұл оның саудасына да оң әсерін тигізді. Атап айтқанда Crown-ның 2020 жылы бір жыл ішінде 24 мың 100 данасы сатылып, Toyota-ның модельдері арасында 39-орында тұрды (бұл ретте бірінші орын бір жыл ішінде 1 млн 103 мыңы сатылған Toyota Corolla-ның еншісінде).
Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша Toyota Crown компанияның 74 моделі кіретін ішкі рейтингісінде 44-орынға сырғыды. Оған себеп — саудасы 18 мың 529 бірлікке дейін төмендеп кетті. Десек те Toyota Motor Corporation басшылығы аңызға айналған моделінен бас тартқысы жоқ. Сол себепті биыл жапондық автоконцерннің инженерлері түбегейлі өзгеріс жасап, Crown-ның 16-шы буынын төрт модификацияда шығармақшы. Оның классикалық және «барлық жолға арналған» седандарынан өзге, жаңа модельдік қатарында хэтчбек пен «универсал»-кроссовер пайда болады.
Жаңа Crown өзінің ауқымы жағынан алдыңғысынан сәл үлкейді: жаңа модельдің ұзындығы — 4930 мм, ені — 1840 мм, биіктігі — 1540 мм, ал дөңгелек базасының көлемі 2850 мм-ге тең. Crown-ның алдыңғы буындары қазіргі Toyota Camry-ден бар болғаны 45мм-ға ғана ұзын болатын, ал жаңа модельдің білігінің арақашықтығы алдыңғысынікінен25 мм-ге үлкен. Десек те осыған қарамастан жаңа модельдік қатарда екі седан бар. Компаниядағылар болашақта Crown-ды классикалық седан түрінен түпкілікті кроссоверге ауыстыруды көздейтіндерін айтады. Жаңа буын модельді жасау барысында осы бағытта жұмыс жасалып та қойған.
Атап айтқанда, жыл соңына қарай саудаға шығатын 16-буын автомобиль ұлғайтылған жол жарығымен және әлдеқайда қатты тұғырмен ерекшеленеді. Модельдің алдыңғы жағына — McPherson, ал артқы жағына көпиінді тағадары қойылған. Барлық жолға арналған седанда гибрид күштік екі қондырғы болады: олардың бірінің негізінде 2.5 атмосфералық қозғалтқыш, ал екіншісінде — турбомотор орнатылады. Біріншісінде қуаттылығы 186 ат күшіне, екіншісінде 272 ат күшіне жететін болады. Сондай-ақ қондырғылардың құрамына никель-гидридті аккумулятор және E-Four толық жетек жүйесі енеді.
Бұл модельдегі жаңа автомобильдерінің салонында мультимедиалық жүйе экранымен толықтырылған сандық аспаптар панелі бар. Базалық жиынтықта алдыңғы орындықтарды жылыту, климатты бақылау, сымсыз қуаттау және алты динамикалық аудиожүйемен жабдықталады. Сұранысқа ие модификацияда панорамалық төбе, креслоларды желдету, бейімді реттелмелі аспа,21-дюмдық дискілер, қымбат аудиожүйе және Safety Sense қауіпсіздік жүйесі пайда болады.
Кросс-седанның бағасы Жапонияда 4 млн 350 мың иеннен 6 млн 050 мың иенге дейінгі аралықта болады (15,8 млн-нан 22,8 млн теңгеге дейін). Осы шоғырға жататын басқа модификациялардың бағалары мен сипаттамалары сәл кейінірек белгілі болмақ. Тағы бір анығы, жаңа Crown ең алдымен соңғы 60 жыл көлемінде өзі саудаланып келген АҚШ нарығына шығарылып, тек содан кейін барып әлемнің тағы 40 елінде пайда болады.
Егор Васильев, корреспондент
25.07.2022, 08:30