Меню CARMA.KZ

Қазақстанда шетелдік көліктер қалай заңдастырылады — нұсқаулық

Бұл нұсқаулық әзірге талқыланып жатыр.

Қазақстанда шетелдік көліктер қалай заңдастырылады — нұсқаулық / Фото: ru.sputnik.kz
Қазақстанда шетелдік көліктер қалай заңдастырылады — нұсқаулық / Фото: ru.sputnik.kz

Ішкі істер министрлігі 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген шетелдік көліктерді заңдастыру туралы қаулы жариялады. Қазір құжат талқыланып жатыр және онымен «Ашық НҚА» порталында танысуға болады.

«Көлік құралдарын заңдастыру мерзімі, 2023 жылғы 1 қаңтардан басталып, 2023 жылғы 1 шілдеде аяқталады», — делінген қаулы жобасында.

Қазақстандықтар шетелдік көліктерді заңдастыру үшін ХҚКО немесе электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады. Азаматтар мына құжаттарды ұсынуы тиіс:

  • өтініш;
  • өтініш берушінің жеке куәлігі;
  • көлік құралының паспорты және/немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік;
  • көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.

Өз кезегінде, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері өтінімді тіркеп, оған реттік нөмір беруі тиіс. Бұл ретте құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіде қалады. Әрі қарай арнайы тексеру пунктінде мамандар автомобильді өтініш беруші берген мәліметтермен сәйкестігін тексереді.

Автокөлікті электронды үкімет порталы арқылы онлайн заңдастыруға болады. Egov порталында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп және сканерленген құжаттарды жүктеу қажет. Содан кейін олар автоматты түрде арнайы тексеру пунктінің дерекқорына түседі, және ІІМ ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

«Көлік құралын заңдастыру мерзімі, өтініш берілген күннен бастап саналады және 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей қаралуы тиіс», — делінген қаулы жобасында.

Заңдастыру туралы өтініш екі жұмыс күні ішінде қаралады. Содан кейін өтінімді қайтару, бас тарту немесе рұқсат беру туралы шешім шығады. Тиісті шешім көлік иесіне 1414 нөмірінен немесе электрондық үкімет порталынан SMS хабарламасы арқылы жіберіледі.

Мынадай жағдайда заңдастырудан бас тартады:

  • құжаттар толық болмаса;
  • ұсынған құжатта өшірген және түзеген жерлер болса;
  • ұсынған құжаттар ҚР заңы бойынша мұндай құжатқа қойылатын талапқа сай келмесе;
  • көлік құралы бұрын тіркелген елде заңды тәртіппен есептен шықпаса.

Уәкілетті орган көлік құралын Қазақстанға әкелу күнін ҰҚК Шекара қызметі мен мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізінде анықтады.

Егер бұл деректер Шекара қызметінде немесе Мемлекеттік кірістер комитетінде болмаса, онда уәкілетті орган бірыңғай сақтандыру дерекқорынан алынған мәліметтер негізінде әкелу күнін айқындайды. Бұл жағдайда автокөлікті әкелу күні міндетті сақтандыру шарты жасалған күн болып саналады.

Одан кейін өтініш беруші автокөлікті заңдастыру үшін 200 мың теңге төлеуі тиіс. Сосын жоғарыда аталған құжаттардың түпнұсқаларын, чекті және заңдастыру туралы шешімді қайтадан ұсыну қажет. Мемлекеттік корпорация мен уәкілетті органның қызметкерлері деректердің дұрыс толтырылуын тексереді және автокөлікті бастапқы тіркеуге өтінімді бекітеді.

Бұған дейін Ішкі істер министірлігі шетелдік нөмірлі автокөліктердің қайсысы заңдастырылмайтынын атады:

  • 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген;
  • іздеу салынған;
  • заңмен немесе сот бұғат салған;
  • бұрынғы елде есептен шығарылмаған;
  • оң рульді автокөліктер;
  • кедендік тексерістен толық өтпеген;
  • көлік иесінің құқығын анықтайтын құжаттары жоқ.

Сонымен қатар, Қазақстанда заңдастырылған көліктер жайлы барлық ақпарат көрші елдердегі кұқық қорғау органдарының деректер базасымен салыстырылатынын айтты.

Ербол Казистаев

Ербол Казистаев, корреспондент
01.12.2022, 15:30