Меню CARMA.KZ

BMW жаңа 7-Series және i7 модельдерін кері қайтарып жатыр

170-ке жуық автокөлік сатып алушыларға жетпей жатып, кері қайтарып алынды.

BMW жаңа 7-Series және i7 модельдерін кері қайтарып жатыр / Фото: BMW
BMW жаңа 7-Series және i7 модельдерін кері қайтарып жатыр / Фото: BMW

Неміс автомобиль өндірушісі BMW биылғы жылы құрастырылған 7-Series және i7 модельдерін кері қайтарып алу туралы жариялады. Олар АҚШ-тағы сатып алушыларға әлі жетіп үлгермеген, деп хабарлайды Motor.ru ресурсы.

АҚШ-тың ұлттық жол қозғалысы қауіпсіздігі басқармасымен (NHTSA), осы жылдың 8 қыркүйегі мен 13 қазаны аралығында шығарылған,  бензинмен жүретін көлік пен электрлі «жетіліктің» 169 данасын кері қайтарып алу келісілді. Автокөлік өндірушісі 116 бензинмен жүретін көлікте және 53 электрлі седанында телематикалық жүйе жұмыс істемейтінін мойындады.

Бұл көліктер америкалық сатып алушыларға әлі жетіп үлгермеген, яғни тұтынушылар зардап шеккендер жоқ. Бірақ неміс өндірушісіне Еуропа мен Таяу Шығыстан шағымдар түсе бастауы мүмкін. Еуропалық және араб елдерінің сатып алушылары осы күздің екінші жартысында көліктерді ала бастады. Дегенмен, «жетілік» модельдерді кері қайтарып алу жөнінде мәселе әлі қозғалмады.

Анықталған ақауларды жою қомақты қаржыны қажет етпейді. BMW мамандары телематикалық жүйедегі ақауды басқару блогын қайта бағдарламалау арқылы шешуге болады деп сендіреді. Сондай-ақ, компания бағдарламалық жасақтаманың сапасыз болуын электроника жеткізушілерінен көреді. Бірақ олардың нақты кім екенін атап айтпады. BMW-ның электроникасына Bosch, VDO және Hella, осы брендтердің автомобильдеріндегі телефония үшін — Motorola, Siemens және Nokia жауап береді.

Бағдарламалық жасақтамадағы ақаулар бұрын да орын алған. Биылғы мамыр айында неміс өндірушісі қозғалтқыштың жұмысындағы ақауларға байланысты әлемнің түкпір-түкпірінен 61 мыңнан астам көлікті кері қайтарып алуға мәжбүр болды. Кінәрәттің негізгі себебі — бағдарламалық жасақтамадағы қателер болды. Германияның Федералды көлік басқармасының мәліметінше, 2016 жылдан 2022 жылға дейінгі BMW X3, X4 және X5 модельдерінде ақау анықталған.

BMW компаниясы  наурыз айында миллионға жуық түрлі модельдерін кері қайтарып алу науқанын жариялаған. Ауқымды науқанның себебі — PCV қақпақшасынан (май жүйесіндегі қысымды бақылайтын және картерден шығатын газдарды кетіретін желдету жүйесінің негізгі бөлігі) табылған ақау. Соның салдарынан көліктің жанып кетуі мүмкін еді.

Анықталған ақау көлікті өртеп жіберу қауіпімен қатар, қозғалтқыштың күйіне де әсер етті. Қозғалтқыш картеріндегі қысымның жоғарылауына байланысты май тығыздағыштары, бұрғы немесе май құю қақпағы «атылуы» мүмкін еді. Ол кезде BMW-нің бірінші, үшінші және бесінші серияларының модельдері, X3 және X5 кроссоверлері, купе мен Z4 родстері кері қайтарылған. Аталған барлық қауіпті көліктер 2005-2013 жылдар аралығында шығарылды.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
07.12.2022, 12:30