Ресейде JAC базасында коммерциялық көліктер өндірісі басталды
«Атлант» және «Арго» жаңа автомобиль модельдері 2022 жылдың желтоқсан айында сатыла бастайды.
Ресейлік «Соллерс» автомобиль компаниясы жеке брендімен коммерциялық автомобиль модельдерін шығаруды бастады. «Атлант» және «Арго» деп аталатын олар Елабугадағы (Татарстан) зауытта өндіріледі.
«Атлант» автомобильдері жалпы салмағы 2,5-4,2 тонна, Еуро-5 экологиялық санатындағы 139 немесе 150 ат күші бар дизельді қозғалтқышпен жабдықталған. «Арго» модельдерінің жалпы салмағы 2,5-3,5 тоннаны құрайды. Оның 130 ат күші бар дизельді қозғалтқышты және 147 ат күші бар бензин қозғалтқышты, сондай-ақ Евро-5 санатындағы түрлері бар.
Модельдер негізінен қалаішілік тасымалдауға арналған шағын көлемді болып келеді, және бірінші кезекте корпоративті сатып алушыларға арналған. Оларды жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша сатып алуға болады, деп хабарлайды «Интерфакс» ресурсы.
«Соллерс» автомобильдері Ресей нарығынан кеткен Ford Transit-ті алмастырмақшы. Алғашқы коммерциялық жеңіл көліктер осы жылдың желтоқсанында саудалана бастайды. Ал толық циклді технология өндірісі 2023 жылға жоспарланған. Коммерциялық көліктердің жаңа желісін жерсіндіру бағдарламасы — дизельді қозғалтқыштарды өндіруді, штамптау өндірісін, негізгі электронды құрамдастарды, шассиді және пластиктен жасалған өнімдерді жерсіндіруді қамтиды. Жобаға зауыттың барлық қызметкері тартылады», — деді Ресейдің өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров өндірісті іске қосу рәсімінде.
«Соллерс» ресми түрде «Атлант» және «Арго» өндірісінің технологиялық серіктесін жарияламады. Алайда көлік түрін мақұлдау құжатына сәйкес, «Арго» модельдері қытайлық JAC автоконцернінің шассиінде шығарылады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
28.11.2022, 14:00