Иран Ресейге 300 миллион доллар тұратын автомобиль партиясын жеткізбекші
Бұл елде жеңіл автомобильдер өндірісімен тек екі компания айналысады.
Иран Ресейге жалпы құны 300 миллион доллар тұратын автомобильдер партиясын жеткізеді, деп хабарлайды РИА Новости.
Тиісті меморандумға қол қойылеаны және келісімшарттың сомасы туралы Иранның көлік бөлшектерін өндірушілері қауымдастығының басшысы Мохаммадреза Наджафи Манеш хабарлады. Бірақ ол Иранда құрастырылған көліктердің Ресейге қашан жеткізілетінін және Ресей нарығына қандай өндірушілер келетінін нақты ашып айтпады.
Негізі, Иранда жеңіл көлік өндірісімен Iran Khodro және Saipa компаниялары ғана айналысады. Iran Khodro Peugeot платформасында келбеті өзгертілген жеңіл көліктер құрастырады. Оған мысал — Peugeot 405 платформасында шығарылатын Samand седаны. Осы компания қытайлық Haima және Dongfeng брендтерінің кроссоверлерін де шығарады.
2021 жылы Иранда Peugeot 301 моделінің өзгертілген түрі - Tara седаны шығарылды. Қазіргі уақытта Iran Khodro компаниясы «жаңа» Rira моделін (Peugeot 208 аналогы) шығару арқылы өзінің модельдік желісін кеңейткелі жатыр. Сонымен қатар, ирандық модельдер қатарына Saipa брендінің автомобильдері кіреді. Олардың ең танымал моделі — Shahin седаны.
Saipa бастапқыда бұл седанды SAIPA SP1 деп аталатын «алғашқы Иран платформасында» жасалған деп таныстырды. Алайда, кейін бұл платформа Toyota B негізінде жасалғанын мойындады. Мәселен, 2019 жылға дейін шығарылған Toyota Corolla E160 моделі сол платформада шығарылды.
Ирандық көліктер өз нарығында арзан тұрады. Мәселен, Iran Khodro Tara-ның «механикасын» $9,9 мыңға сатып алуға болады. Ал оның автомат әрі қымбат жабдықтары бар нұсқасы $13,3 мың тұрады. Ал Saipa Shahin седанының Ирандағы құны $11,7 мыңды құрайды. Ішкі нарықтағы Иран көлігінің орташа құны $8,1 мыңдай тұрады. Егер осы бағамен есептесек, 300 миллион долларлық көліктің партиясында шамамен 36-37 мыңдай көлік болады.
Естеріңізге сала кетейік, батыстың санкциясында отырған Ресей мен Иран көлік өнеркәсібінде түрлі ынтымақтастық жолдарын біраздан бері қарастырып жатыр. Биылғы қыркүйек айының соңында Иранның автобөлшек өндірушілері қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Мохаммадреза Наджафи Манеш Ресеймен бірлесіп көлік құрамдастарын шығаратын кәсіпорын құру ниеті барын мәлімдеген еді. Өйткені екі ел де Renault-пен бір уақытта жұмыс істеді.
Иранда француз компаниясы 2003 жылдан бері Iran Khodro және Saipa Group серіктестерімен автомобиль шығарумен айналысты, Ресейде француздар Тольяттиде және бұрынғы АЗЛК — мәскеулік зауытта Logan мен Sandero модельдерін құрастырды. Бұған дейін Iran Khodro Ресейге өз автомобильдерін экспорттауға дайын екендігін мәлімдеді. Биыл ол 500 мың автомобиль шығаруды жоспарлап отыр. Мақсаты — жыл сайын осы өндірген жарты миллион өнімінің бестен бірін, яғни 100 мыңын экспортқа шығару. 2021 жылы 20 мың экспортқа жіберілген.
Егор Васильев, корреспондент
29.11.2022, 15:30