Еуропаның көлік өндірушілері «Еуро-7» жаңа стандартына қарсы шықты
«Еуро-7» жаңа стандарты жеңіл көліктер үшін 2025 жылдан, ал жүк көліктеріне 2027 жылдан бастап енгізілмекші.
Еуропалық комиссия жеңіл және жүк автомобильдеріне, сондай-ақ автобустар үшін «Еуро-7» экологиялық жаңа стандартын енгізуді бастама етті. Ол «Еуро-6»-мен салыстырғанда бөлінетін азот оксидін 2035 жылға қарай — жеңіл автомобильдерде 35%-ға және автобустар мен жүк көліктерінде 56%-ға төмендетеді дейді.
Енгізілгелі отырған тағы бір жаңа талап — ол тежегіштер мен шиналардың, оның ішінде электромобильдерге арналған қатты бөлшектермен ластауды шектеу.
Еурокомиссиядағылардың айтуынша, ауаны негізінен автомобильдер өте көп ластайды.
Алайда Еуропаның көлік өндірушілерінің қауымдастығы өзінің мәлімдесінде жаңа стандарттарды енгізуге қатысты алаңдаушылығын білдіріп отыр.
«Еуроодақтың қазіргі қолданыстағы «Еуро-6» талаптары ластайтын заттарды бөлуге қатысты әлемдегі ең қатаң стандарт болып табылады. Заманауи автомобиль технологияларының арқасында пайдаланылған газ өте аз бөлінеді», — делінген қауымдастықтың мәлімдемесінде.
Ұйым өкілдері «Еуро-7» жаңа талаптары 2024 жылға қарай дайын болмауы мүмкін, ал ұсынған енгізу мерзімі күмәнді, өйткені автомобиль компаниялары шығарған көліктерін жаңа стандартпен әзірлеп, сынақтан өткізіп үлгермейді деген пікірде.
BMW-ның бас директоры Оливер Ципсе болса, автомобиль жасаушы компаниялар көмірқышқыл газын бөлуді азайтуға қатты мән беретінін мәлімдеді. Оның айтуынша, BMW «Еуро-7» жаңа стандартын әзірлеуге атсалысып, ауаның сапасын жақсартатын ұсыныстарын да айтқан. Алайда бұл бастамаларды Еурокоммиссия қолдамаған.
«Өкінішке қарай, комиссияның ұсынысынан келетін экологиялық пайда шамалы, ол тек көлік құралының құнын қатты қымбаттатып жібереді. «Еуро-7» көлікті экстремалды жағдайда тізгіндейтіндерге бағытталған, олардың нақты өмірге қандай да бір қатысы болуы екіталай», — деп мәлімдеді Оливер Ципсе.
Volvo Group-тың бас директоры Мартин Лундштедттің айтуынша, ұсынылып отырған «Еуро-7» стандарты жүк автомобильдері үшін тым қатаң талап және ауаға улы заттарды мүлдем бөлмейтін көлік құралдарына ойысу тренді жүріп жатқандығы ескерілмеген.
«Еуро-7» талаптарына сәйкес келу үшін жүк көліктерін шығарушылар инженерлік және қаржы ресурстарының біразын электромобильдерден қайтадан ішкі жану қозғалтқыштарына бағыттауына тура келеді. Бұл біздің қоршаған ортаға зиянсыз автомобильдерге көшу жоспарымызға әсер етеді. Бұл климатқа, адамдардың денсаулығына және сала үшін зиян», — деп түсіндіреді Мартин Лундштедт.
Ербол Казистаев, корреспондент
15.11.2022, 18:33