Меню CARMA.KZ

Қазақстанның әлеуеті 1 млн көлік экспорттауға жетеді

Қазақстан 2021 жылы шетелге 12 мыңнан астам жеңіл көлік жеткізді.

Қазақстанның әлеуеті 1 млн көлік экспорттауға жетеді / Фото: kia.ru
Қазақстанның әлеуеті 1 млн көлік экспорттауға жетеді / Фото: kia.ru

Әлемдегі геосаяси жағдай Қазақстанның ЕАЭО елдеріне жеңіл көліктердің басты жеткізушісі болуына мүмкіндік береді. Бұл үшін кәсіпорындардың өз өндірістерін кеңейтуіне қолжетімді қаржыландыру қажет, деп есептейді Қазақстанның АвтоБизнес Қауымдастығы (ҚАБҚ).

«ЕАЭО елдерінің автонарығындағы қазіргі жағдайларды ескерсек, еліміздің экспорттық әлеуеті 1 млн бірлік жеңіл көлікке дейін жете алады», — деп мәлімдеді ҚАБҚ менеджері Әнуар Шүкімов машина жасаушылар форумында.

2022 жылдың бірінші жартысында Ресейдегі автонарық 50%-ға дейін қысқарды. Осы уақыт ішінде мұнда 370 мыңға жуық жаңа жеңіл көлік сатылған. Өндіріс те 281 мың көлікке төмендеген.

Отандық экспортпен «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» және Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорындары айналысады. 2021 жылы Қазақстан шетелге 12,1 мың, ал 2022 жылдың 8 айында 5,4 мың жеңіл көлік жеткізді.

Қазақстан көліктердің көпшілігін Өзбекстанға (2022 жылы 1,8 мыңға жуық көлік), Ресейге (1,4 мыңға жуық), Беларуське (214 бірлік), Тәжікстанға (50) және Қырғызстанға (43) экспорттады.

ҚАБҚ деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың 8 айында елімізде 62,5 мың жеңіл көлік өндірілген. Ал 2021 жылы небәрі 80,7 мыңға жуық көлік шығарылған.

Бұған дейін қауымдастық елімізде жерсіндірілген және үлкен сұранысқа ие 5 автомобиль брендін атаған болатын. Тізімге Chevrolet (24 462 бірлік), Hyundai (22 100), KIA (8 506) Lada (4 692) және JAC (4 069) енді. 2021 жылы Қазақстан шетелге 12 мыңнан астам жеңіл көлік жеткізді.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
26.09.2022, 11:33