Қазақстанда Hyundai-дың Accent және Creta модельдерін шығаруды уақытша тоқтатады
Оған Ресейден құрамдастарды жеткізудегі мәселелер себеп.
Hyundai Trans Kazakhstan Қазақстандағы Hyundai-дың сұранысқа ие Accent және Creta модельдерін шығаруды уақытша тоқтата тұратынын мәлімдеді. Себебі аймақтағы геосаяси жағдайға байланысты Ресейден құрамдастыруды жеткізуде мәселе туындап отыр.
Hyundai Trans Kazakhstan 2022 жылдың көктемінен бері бұл модельдерді өзінде бар қорды пайдаланып шығарып келді. Кейін Astana Motors өзге елдерден құрамдастар жеткізуге шұғыл квота бөлу жөнінде Hyundai Motor Company-мен келісімге келген еді.
«Қазір алдағы уақыттағы жеткізулер мен жаңа логистикалық тізбек мәселесін қарастырып жатырмыз. Қолда бар құрамдастардың барлығы игерілді. Жақын арада жаңа жеткізулер болмайды», — делінеді Astana Motors-тың ресми мәлімдемесінде.
Дилерлер Hyundai Accent пен Hyundai Creta-ға тапсырыс берген клиенттерге кезектерін күтуді немесе автомобильдің басқа моделін сатып алуды ұсынуда.
Дегенмен автомобильдерге сервистік қызмет көрсетіліп жатыр. Creta және Accent модельдерінің шығыс материалдары бар. Тетіктер мен сирек сұрайтын қосалқы бөлшектер тапсырыспен белгілі мерзімде жеткізіледі. Бұл бұған дейін де болған стандартты тәжірибе деп мәлімдеді компаниядағылар.
Astana Motors өндірісті арттыру және модельдік қатарды кеңейту жөніндегі міндеттемелерін орындаудан бас тартпайтынын айтты. Дилерлік орталықтарда қазірдің өзінде i30 моделі бар, алдағы уақытта шағын Bayon кроссовері келеді.
2022 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда жерсіндірілген модельдердің (Hyundai) саудадағы үлесі 80%-ды құрады. Барлығы алты айда 15 465 автомобиль сатылған (12 930-ы — Қазақстанда және 2 535-і — Өзбекстанда). Импортталатын басқа брендтердің автомобильдерінің саудадағы үлесі 20% шамасында (3 884) болды.
CARMA.KZ редакциясының сауалына жауап берген Astana Motors коронавирус індеті, жартылай өткізгіштердің дағдарысы мен Шығыс Еуропадағы геосаяси жағдай тек Қазақстанның ғана емес, жалпы әлемнің автомобиль нарығына жағымсыз әсер еткенін атап өтті.
Ербол Казистаев, корреспондент
23.08.2022, 10:01