Меню CARMA.KZ

Оңтүстік Кореяда электромобильдердің аккумуляторларын жалдауды заңдастырады

Жаңа ереже Оңтүстік Кореяда электромобильдердің құнын арзандатуға ықпал етуі тиіс.

Оңтүстік Кореяда электромобильдердің аккумуляторларын жалдауды заңдастырады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Оңтүстік Кореяда электромобильдердің аккумуляторларын жалдауды заңдастырады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Оңтүстік Кореяның жер учаскелері, инфрақұрылым және көлік министрлігі электромобильдерге арналған аккумуляторларды жалдауды заңдастырмақшы. Бұл шара электрлі қозғалтқышы бар машиналардың құнын арзандатуы тиіс.

Министрліктегілер аккумуляторларды оңай шешіп, ауыстыруға болады деп отыр. Алайда, Оңтүстік Кореяның қазіргі қолданыстағы заңы бойынша аккумуляторға меншік құқығы электромобильдің бөлшегі ретінде оған қоса тіркеледі. Яғни оны ауыстыру үшін екеуін бірге сатып алуың керек.

Жаңа ереже Оңтүстік Кореяның электромобиль нарығына жағымды ықпал етеді деп жазады жергілікті Chosunilbo басылымы. Компаниялар электромобильсіз, тек аккумулятордың өзін ғана сатып алады, ал жеке тұлғалар тек электромобиль сатып алып, ал аккумуляторды жалға алып отыратын болады.

Chosunilbo келтірген деректер бойынша, аккумулятордың құны электромобиль бағасының жартысына тең. Мәселен, KIA Niro 35,6 мың доллар тұрады, мемлекеттік субсидиямен оны 26,7 мың долларға сатып алуға болады. Ал машина аккумуляторсыз 16 мың доллар тұратын болар еді.

Электромобильдердің бағасын төмендету үшін аккумуляторларды жалға беруді тәжірибеге енгізіп жатқан Оңтүстік Корея ғана емес. Қытайда мұндай қызмет түрі 2020 жылдан бері бар. Электромобиль шығаратын жергілікті NIO компаниясы өзінің машиналарын аккумулятормен де, аккумуляторсыз да сатып жатыр. Оған қоса бұл елде BaaS (Battery as a Service) аккумуляторларын жалға беру қызметі жұмыс істейді.

NIO электромобильдері аккумуляторсыз 10 мың долларға арзан тұрады. Жергілікті мемлекеттік бағдарламалар болса аккумуляторлы да, аккумуляторсыз да машиналарға қолдау жасай береді.

Бағдарлама бойынша кез келген адам электромобильді аккумуляторсыз сатып ала алады. Ал аккумулятор сервистік қызмет көрсетумен айналысатын Wuhan Weineng Battery Asset Co компаниясының қарауына өтеді. Бір айға жалға алу құны 140 доллар тұрады.

Осы елдің өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінің деректері бойынша, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында электрокарларға арналған қуаттау орындары мен аккумуляторларды ауыстыру бекеттерінің жалпы саны 1,3 млн-ға көбейген. Яғни 4 еседен артық өсіп отыр.

Қытайда электромобильдерді қуаттауға арналған 3,9 млн бекеттер бар есептеледі. Былтырғы маусым айында олардың саны 2 есе аз болатын, деп жазады ChinaDaily.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
03.08.2022, 08:10