Mitsubishi
Mitsubishi Group — жапондық конгломерат, алғашқы дзайбацудың бірі. Оның құрамына кіретін ең ірі компаниялар: Mitsubishi Corporation, Mitsubishi UFJ Financial Group, Mitsubishi Heavy Industries (олар, өз кезегінде, Mitsubishi Motors автомобиль алыбы, Mitsubishi Chemical химиялық концерні, Nikon Corporation және басқа да өнеркәсіптік активтерді қамтиды). Штаб-пәтері Токиода.
1873 жыл — Ятаро Ивасаки кеме жасау және кеме жөндеу компаниясын құрды. Ол аса танымал емес самурай отбасының ұрпағы болатын. Ятаро Ивасаки 1835 жылы туған. Ерте жастан-ақ отбасынан жырақта жүріп, Тоса феодалдық руына жататын сауда фирмасында бірнеше жыл жұмыс істеді. Өзін қабілетті менеджер екенін дәлелдеген ол, 1870 жылы өзінің бұрынғы жұмыс берушісінен үш кемені жалға алып, жүк тасымалдау компаниясын құрады. Ятаро бастапқыда өз компаниясын Цукумо деп атады. Оның кемелерінің жалауларында бүгінде әлем білетін үш гауһар тас бейнеленген.
1917 жыл — Mitsubishi Motors компаниясының бірінші А моделі шығарылды, ол көп қырынан Форд автомобильдеріне ұқсайды.
1918 жыл — Компания 1000 шақырымдық сенімділік сынағынан сәтті өткен T1 жүк көлігін шығарады.
1922 жыл — А моделі бүкіл жапондық өнеркәсіп көрмесіне қойылды.
1924 жыл — Fuso маркалы ауыр жүк көліктері, автобустар шығарыла бастады. Токионың қажеттіліктері үшін қоқыс таситын көліктер мен суару машиналары шығарылады.
1931 жыл — Компания жапондық алғашқы 450AD тікелей айдау дизельді қозғалтқышты жасады. Жалпы алғанда, отызыншы жылдары Mitsubishi үнемі «Жапонияда бірінші» деген нәрселерді жасап отырды.
1934 жыл — PX 33 толық жетекті бірінші жапондық автомобильдің прототипі шығарылды.
1935 жыл — Компания Жапонияда алғашқы BD46 және BD43 дизельдік автобустарын шығарды.
1938 жыл — Жаңа дизельдік қозғалтқыш жасалды.
1946 жыл — Екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан бүлінген кәсіпорында авто-мототехникалар өндірісі қайта жанданды. Жүк көтергіштігі 400 кг болатын үш доңғалақты «Мизусима» жүк скутері және үш доңғалақты тасымалдау көліктері пайда болып, автобустар өндірісі қайта басталды. Ал 1947 жылдан бастап электр қозғалтқышы бар автобустар шығарылды.
1951 жыл — Компания T31 жүк көлігін шығарды, ал T380 отыратын платформасы бар алғашқы жапондық жүк көлігі болды. Mitsubishi жүк көліктері мен пикаптарының алуан түрі өндірілгенімен, Еуропа нарығына тек жеңіл және орташа жүк көліктерін шығарды. Ең көп таралған L200 пикап көлігі жолсыз жерлерді жақсы еңсере алды.
1952 жыл — Таиландқа автобустар экспорты басталды.
1959 жыл — Үш доңғалақты шағын Leo жүк көлігінің өндірісі іске қосылды.
1960 жыл — Жапон экономикасы қарқын алды. Халықтың табыс деңгейі жоғарылап, онымен бірге көлікке деген сұраныс артты. Осы жылы компания Mitsubishi 500-ді жаппай нарыққа шығарды, ол өзінің арзандығы мен сенімділігі арқасында үлкен сұранысқа ие болды.
1961-65 жылдар — Mitsubishi 360 моделі, бірінші төрт орындық Minica шағын көлігі, содан кейін Colt 600 жолаушылар моделі, Debonair және Colt 800 модельдері бірінен соң бірі шығарылды. Олар әлдеқайда жайлы отбасылық көліктер болып саналды.
1969 жыл — Технология мен дизайн саласындағы барлық озық жетістіктерді біріктірген Colt Galant моделінің тұсаукесері өтті. Сол жылы Colt F2-C JAF Grand Prix Formula Car Race жеңімпазы болды.
1970 жыл — Автокөлік бизнесі дамып, Моторлы көліктер бөлімі тәуелсіз Mitsubishi Motors корпорациясына айналды. Galant және Lancer модельдерінің түрлері пайда болады. Өндірістің ғылыми-технологиялық базасы айтарлықтай кеңейтілді, сонымен қатар дистрибьютерлік желісі ұлғайды. Mitsubishi автомобильдері түрлі раллилерде жүлделі орындарға ие бола бастады.
1971 жылы — Minica Skipper-дің таныстырылымы өтті, ал 1973 жылы Lanser2 таныстырылды.
1975 жыл — Lanser Celeste моделі пайда болды. Ал Lanser 1600GSR Safari раллиінде жеңіске жетті.
1978-80 жыл — Mirage (Colt) модельдері, Lanser моделінің екінші ұрпағы және L 200 4WD пикап бірінен соң бірі пайда болды. 1979 жылы Colt 1400GLX орташа класстағы «Жыл көлігі» атағын жеңіп алды.
1982 жыл — Pajero сериясының алғашқы джипі шығарылды (испан тілді елдерде ол Montero ретінде сатылады). Бір жылдан кейін Pajero автокөліктері Париж-Дакар раллиінде бірнеше жүлделерді, соның ішінде командалық кубокты жеңіп алды. 80-ші жылдар Mitsubishi әлемдік нарықтардағы жаһандық экспансиясының он жылдығын атап өтті. Сонымен қатар, осы онжылдықта Жапониядан тыс жерде әртүрлі құрастыру зауыттары, соның ішінде Блумингтондағы (АҚШ) Chrysler корпорациясымен бірлескен кәсіпорын құрылды.
1983 жыл — Mitsubishi автомобильдері электронды аспа жүйесімен жабдықтала бастады. Spase Wagon өндірісі іске қосылды.
1984 жыл — Mitsubishi корпорациясы Сараево Олимпиадасына, ал 1987 жылы Загребтегі Универсиадаға арналған автокөліктердің ресми жеткізушісі болды.
1988 жыл — Colt және Lancer жаңа модельдері Германиядағы жарыста жеңіске жетті. Galant VR-4 1987-88 жылдары «Жапондық жыл көлігі» атанды.
1989-92 жыл — Diamant және GTO 300GT, Spase Ranner жол талғамайтын көлік, Сolt, Lancer, Mirage модельдері бірінен соң бірі пайда болды. Debonair люкс моделі шығарылады. 1990 жылдары Mitsubishi Pajero ралли біткеннің барлығында жеңіске жетті. 1990 жылы Mitsubishi 3000GT спорттық моделі көпшілікке ұсынылды, ол әсіресе АҚШ-та үлкен танымалдыққа ие болды, онда 1991 жылы Motor Trend журналы бойынша жылдың ең жақсы импортталған көлігі ретінде сыйлық алды. Mitsubishi Motors Corporation сонымен қатар әлемдегі ең ірі жүк көлігі өндірушісі болды.
1994 жыл — FTO моделінің, сондай-ақ Delica Spase Gear минивэнінің шығарылуы. Pajero Mini жол талғамайтын көлігінің өндірісі басталды.
1995 жыл — Diamante сериясының екінші буынын, Mirage (Colt) бесінші буыны және Lancer жетінші ұрпағы, ал бір жылдан кейін – Sigma седандары мен станциялық вагондардың екінші буыны шығарыла бастады.
1996 жыл — Eclipse купесінің жаңартылуы және Challenger моделінің шығарылуы.
1997 — Нидерландыда құрастырылған Mitsubishi және Volvo бірлескен өнімі алдыңғы жетекті Carisma шығарылды. Сол жылы Pajero джип серияларына елеулі өзгерістер енгізілді. Олар үшін жаңа 3,5 литрлік V6 GDI қозғалтқышы әзірленді. Таиландтағы кәсіпорында жасалған жаңа Strada L200 пикапы көпшілік назарына ұсынылды. Mitsubishi автокөліктері әлі де әртүрлі жарыстар мен раллилерде үстемдік етуді жалғастыра берді.
1998 жыл — Mitsubishi көліктердің толық спектрін шығарды. Spase Wagon моделінің өндірісі тоқтады.
2000 жыл — Детройт автосалонында V6 қозғалтқышы бар Mitsubishi Eclipse Spyder GT тұсаукесері (3,0 л, 147 а.к.) өтті, оның негізгі пакетіне толық электр жинағы, кондиционер, круиздік бақылау, тартқышты басқару және 17 дюймдік легирленген дөңгелектер кіреді. Сол жылы компания ерекше мүмкіндіктері, есте қаларлық сыртқы түрі және 3,5 литрлік V6 қуатты қозғалтқышы бар жаңа Montero Sport 3.5XS автомобилін ұсынды.
2001 жыл — жаңа 5 есікті Pajero Pinin моделі пайда болды (бұрын тек 3 есікті нұсқасы шығарылды), бұл модельдің ерекшелігі – тікелей бензин бүркуі бар жаңа 2 литрлік GDI қозғалтқышы орнатылды. Pajero Pinin-нің басқа да артықшылықтары ретінде жол режиміне байланысты оңтайлы беріліс пен оны қосу сәтін таңдайтын және қозғалтқышпен бірлескен басқарудың арқасында электронды басқарылатын 4 диапазонды, тегіс, серпілмей ауысатын автоматты беріліс қорабын атап өту керек. Жаңа модель белсенді және пассивті қауіпсіздіктің жоғары деңгейіне ие.
2016 жыл — Mitsubishi Motors корпорациясы Nissan Motor Co., Ltd. (Nissan) компаниясы 237 миллиард жапон иеніне MMC-тің 34% үлесін сатып алуды аяқтап, MMC-тің ең ірі акционері атанғанын жариялады.
2017 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс нәтижелері бойынша Renault-Nissan-Mitsubishi альянсы сатылған автомобильдер саны бойынша тарихта алғаш рет әлемдік автоөндірушілердің нарығында көшбасшы болды (жоғарыда аталған кезеңде 5,268 млн автокөлік сатылды).