Changan
Changan Automobile Group — қытайлық автомобиль компаниясы. Бұл Қытайдағы үш ірі жолаушылар көлігі өндірушілерінің бірі. «Чанган» сөзі «Cang» және «an» деген екі қытай таңбасынан тұрады, аудармасы «уақытпен тексерілген сенімділік» дегенді білдіреді.
Компанияның негізі 1862 жылы Чунцинде қаланды, ол кезде шағын машина жасау зауыты ретінде құрылған болатын. Қытайда революция болған 1949 жылдан кейін зауыт мемлекет меншігіне өтті. 1958 жылы алғашқы әскери джип конвейерден шығып, содан 1962 жылға дейін онда жол талғамайтын әскери ықшам көліктер шығарылып отырды. Жолаушылар көлігінің өндірісі 1984 жылы басталды.
1993 жылы жапондық Suzuki компаниясымен бірлескен кәсіпорын ұйымдастырылды. 1995 жылы акционерлендіру жүргізіліп, Чунцинде орналасқан зауыттар тобы Changan Automobile Group деген атауға ие болды. 2001 жылы Ford Motor-мен, 2006 жылы Mazda-мен, 2011 жылы Citroën-мен бірлескен кәсіпорын құрылды. 2006 жылы Италияда R&D орталығы ашылғаннан бастап халықаралық экспансия басталды: 2009 жылға қарай компания Қытайдағы төрт негізгі автоконцерннің біріне айналды, ал бес жылдан кейін жергілікті нарықтағы қытайлық брендтер арасында көшбасшы болды.
2008 жылы компанияның зауыттарында 700 мыңға жуық автокөлік құрастырылды. 2010 жылы кемінде 100 мың автокөлік экспорттауы тиіс болатын. 2010 жылы барлығы 1 миллион 102 мың автомобиль шығарса, 2014 жылы 2 миллионға жуық автомобиль шығарды. 2016 жылы Чанган маркалы автокөліктердің жылдық сатылымы 3 миллионнан асты. 2018 жылға қарай 17 миллион автокөлік шығарылды.
2019 жылдың соңына қарай компанияда әлемнің алты елінде 180 зертханасы, жеке апаттық сынақ зертханасы, 70-тен астам түрлі жабын түрлері бар Азиядағы ең үлкен полигон, сондай-ақ автомобиль және қозғалтқыш шығаратын 35 зауытқа иелік етті.
2016 жылы жүргізушісіз басқарылатын көліктерін алғашқы сынақтан өткізді. Чунциннен Бейжіңге дейінгі 1800 шақырым қашықтық еңсерілді. 2018 жылы 55 ұшқышсыз көліктің үлкен жарысы өтті. 2019 жылдың шілдесінде жүргізушісіз басқару технологиясының кең ауқымды таныстырылымы өтті.