Сенат депутаттары шина және автобус шығаратын зауыттарға барды
«Сарыарқа» АЭА-ның аумағында 9 өндірістік жоба іске асырылды.
Сенат депутаттары мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілдері Қарағанды облысындағы «Сарыарқа» АЭА аумағындағы кәсіпорындарға барды, олардың арасында KamaTyresKZ және QazTehna да бар.
KamaTyresKZ зауыты жеңіл және жеңіл жүк көліктері, сондай-ақ ауыр жүк көліктеріне арналған шиналар шығарады. Зауыттың жылдық өндірістік қуаты — 3,5 млн шина. Технология деңгейі барлық өндірістік процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді, дейді ИИДМ.
Ал QazTehna жолаушылар автобусын, кен орындарына, сондай-ақ құрылыс және жол салуға арналған техника шығаратын отандық өндіруші. Бұл компанияның жалпы өндірістік қуаты жылына — 1200 жолаушылар автобусы мен электр автобусын, сондай-ақ кен орнына және құрылыс пен жол салуға арналған техниканың 500 данасын шығаруға қауқарлы.
Қазір «Сарыарқа» АЭА-ның аумағында 45,3 млрд теңге сомасына 600-ге жуық жұмыс орнын ашуды қарастыратын 9 жоба іске асырылды. Бұған қоса 1800-ден астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 11 жоба жүзеге асырылып жатыр.
2022 жылдың қазан айының басында CARMA.KZ редакциясы QazTehna зауытына барып, онда мектеп автобустарының өндіріс барысымен танысқан болатын. Қарағанды облысындағы зауытта техниканы қалай өндіретіні және шығаратыны туралы толығырақ CARMA.KZ.порталының эксклюзивті репортажынан оқи аласыз.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
01.12.2022, 11:00