Меню CARMA.KZ

Қазақстанның ірі қалаларында эстакадалық LRT салынады

Бұл туралы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасының жобасында айтылған.

Қазақстанның ірі қалаларында эстакадалық LRT салынады / Фото: clrt.kz
Қазақстанның ірі қалаларында эстакадалық LRT салынады / Фото: clrt.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 1 млн-нан асқан халқы бар қалаларға рельсті жолаушылар көлігін салуды ұсынды, делінген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасының жобасында.

«Халқы 1 млн-нан асатын ірі қалалардың шекараларында қоғамдық жолаушылар көлігі ретінде жеңіл рельсті трамвай (LRT) және метро жүйелері енгізілетін болады. Құрылыс құнын арзандату үшін эстакадалық инфрақұрылымды қоса алғанда, жерүсті рельсті инфрақұрылымды белсенді пайдалана отырып, жерасты желілерінің құрылысын болдырмайтын немесе барынша азайтатын шешімдер қолданылатын болады»,― делінген тұжырымдамада.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада 2011 жылы іргетасы қаланған LRT жеңіл рельсті жерүсті метросы арада қанша уақыт өтсе де, құрылысы бітпей келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тексеру қорытындысы бойынша, қазір елорда бюджетіне келтірілген жалпы шығын 5 млрд теңгеге бағаланып отыр.

LRT желісі үлкен шығынға батырса да, Астана әкімдігі оны салып бітіру туралы шешім қабылдады. Бүгін әуежайдан М3 көпіріне дейін 40 құрастырмалы арқалық орнатылды. Жыл соңына дейін 102-103 бекеттерінде жоспарланған арқалықтарды, 113-114 бекеттерінде қадаларды орнатпақшы. Ал келесі жылы учаскелер бойынша темірбетон конструкцияларын орнату, инженерлік желілерді шығаруды аяқтау және М3 көпірін салу жоспарланып отыр.

2022 жылдың қазан айында Алматыда  жеңіл рельсті трамвай (LRT) құрылысы салынады, деп қала әкімі Ерболат Досаев хабарлады.

«Біз қаланың даму жоспарына енгізген жаңа жоба ― трамвай түріндегі төмен қабатты LRT. Келесі жылдың көктемінде жобаның құнын түпкілікті шешеміз. Төле би көшесінде LRT болады», ― деп мәлімдеді Ерболат Досаев.

Ол желіні «Саяхат» автовокзалынан Ақсайға дейін созу керек екенін қосты. Қазір жұмыстар жалғасып, жер учаскелерін сатып алу жүріп жатыр.

Сондай-ақ, Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин 2025 жылға дейін қолданыстағы БРТ желісі «Шығыс қақпасы» полиорталығына дейін ұзартылып, Райымбек даңғылы бойынша жаңа БРТ желісі іске қосылатынын хабарлады. 2025 жылы Қалқаман метро станциясы пайдалануға беріледі, ал батыс бағытта келесі 3 бекеттің құрылысы басталады. 2027 жылға қарай Төле би көшесінде жүрдек жеңіл рельсті трамвайдың бірінші желісін іске қосу жоспарланған.

2022 жылдың жазында Шымкент қаласының әкімі Марат Әйтенов,  қаланы дамытудың басты жоспарына өзгерістер енгізілуі мүмкін екенін, оған қоса  ЛРТ және БРТ бойынша сызбалар дайындалып жатқанын айтты.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.12.2022, 11:00