Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардың 10%-ының жағдайы нашар
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жол сапасына қатысты мәселелердің негізгі себебін атады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, еліміздегі республикалық маңызы бар 2,6 мың шақырым жол қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бірінші кезекте Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Ақмола облыстарындағы жолдарды жөндеу қажет.
«Автожолдарды күтіп ұстау бойынша жұмыстарды жеткіліксіз қаржыландыру жол саласының өзекті мәселесі болып қала бермек. 2022 жылы осыған бюджеттен 29 млрд теңге бөлінген. Бұл нормативті қажеттіліктің 69%-ын құрайды»,― делінген Қазақстанның 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында.
Ведомство қазіргі және орташа жөндеулерді қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты, жолдардағы кемшіліктер уақтылы жойылмайтынын атап өтті. Салдарынан бұдан да қымбат күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болады.
ИИДМ сарапшыларының айтуынша, Қазақстандағы жол сапасының тағы бір мәселесі―облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың төмен техникалық-пайдалану деңгейі.
«Автожолдардың көп бөлігіне қатты жабын төселмеген және техникалық жағдайлары да нашар. Бұдан пайдаланушылардың шығындары артып, тасымалдау қауіпсіздігінің деңгейі төмендейді. Қазақстан ЖКО саны мен ауырлығы бойынша тасымалдау қауіпсіздігі әлемдік рейтингтің соңында тұр. Соңғы жылдары апат пен өлім-жітім көрсеткіштерінің біршама төмендегеніне қарамастан, бұл саладағы ахуал әлі шешілер емес», - деп мәлімдеді ИИДМ.
2022 жылдың басында елімізде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының ұзындығы 96 мың шақырымды құрады. Оның ішінде республикалық жолдар ― 24,9 мың шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдар ― 71 мың шақырым. Ал I және II техникалық санаттағы автожолдар 8,6 мың шақырымды құрайды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
03.12.2022, 15:00