Меню CARMA.KZ

Қазақстанда көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топтың жолы кесілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Астанадағы арнайы ХҚКО-ның 4 қызметкерін ұстады.

Қазақстанда көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топтың жолы кесілді / Фото: Kolesa.kz
Қазақстанда көлікті заңсыз тіркеген қылмыстық топтың жолы кесілді / Фото: Kolesa.kz

Астанада шетелдік көліктерді заңсыз тіркеген №2 Арнайы ХҚКО-ның бірнеше қызметкері ұсталған. Қылмыстық топ қажетті алымдар мен төлемдерді енгізбеген, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.

«Ұйымдасқан қылмыстық топтағы ішкі істер органдарының мемлекеттік автоинспекторлары «Web-модуль» сервистік орталығы» ақпараттық жүйесінде бұрын кәдеге жаратылған көліктер туралы мәліметтерді қасақана заңсыз жойып, олардың орнына жаңадан әкелінген автомобильдердің мәліметтерін енгізген», ― делінеді  агенттіктің хабарламасында.

2022 жылдың қаңтарынан бастап қылмыстық топ 486 көлікті есепке алды. Әрбір автокөлікке заңсыз қызметтің құны 400 мың теңгеден 1,6 млн теңгеге дейін болған. Агенттіктің бағалауынша, мемлекетке 1 млрд теңге залал келтірілген.

 «Қажетті ақшаны алғаннан кейін күдіктілер көліктерді алып-сату мәмілелерінің жазбаша формасын, мемлекеттік нөмірлер мен көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктерді дайындағаны үшін мемлекеттік баж төленгені туралы түбіртектерді қолдан жасаған»,― делінген хабарламада.

Бүгінгі күні іс бойынша қылмыстық топтың тағы 4 мүшесі, оның ішінде Астана қаласы бойынша №2 Арнайы ХҚКО басшысы ұсталды. Оларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
10.12.2022, 11:00