McLaren тарихи көліктерін сатуға мәжбүр
Британдық өндіруші жаңа модельді шығару үшін зауыттық топтамасының бір бөлігін сатып жіберді.
Британдық McLaren автокомпаниясы жаңа Artura суперкарын шығару үшін зауыттық топтаманың бір бөлігін сатты, дейді Bloomberg агенттігі.
High-Performance Hybrid шоғырының алғашқы суперкары болып саналатын McLaren Artura купесінің тұсаукесері 2021 жылдың басында өтті. Ол сонымен бірге, бренд тарихындағы алғашқы гибрид спорттық көлік болып танылды. Содан бері аталмыш көліктің нарыққа шығу уақыты бірнеше рет кейінге қалдырған. Автомобильдің тұсаукесерінен бері бір жарым жыл өтті. Қазір ғана британдық автоөндірушінің бұл жобаға қанша ақша құйғаны белгілі болды.
Bloomberg сілтеме жасаған компанияның 2022 жылдың үшінші тоқсанындағы қаржылық есебінен көрініп тұрғандай, McLaren Artura көлігін конвейрден шығаруға және барлық анықталған ақауларды жоюға $123 млн доллар жұмсаған. Британдық компанияның мұндай қаражаты болмағандықтан, олар Mumtalakat Holding Co. Бахрейннің тәуелсіз әл-ауқат қорынан көмек сұрады. Қазіргі уақытта олар McLaren акцияларының шамамен 60%-ына иелік етеді. Ал Бахрейнде қаражатты әдеттегі шарттарға сай болмайтын түрде бөлуге келісті.
Британдық автоөндіруші инвесторларға қажетті соманың орнына өзінің тарихи топтамаларының бір бөлігін, соның ішінде 54 жарыс көлігі мен Формула-1 болидін, берген болатын. Mumtalakat Holding Co. нақты қандай көліктерді сатқаны жайлы ақпарат белгісіз. Artura көлігінің сериялық өндірісі басталғанымен, компания бәрібір шығын алып келеді. 2022 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, британдық компанияның шығыны $249 млн-ды құрады.
Ал енді акционерлер, соның ішінде Бахрейннің дербес әл-ауқат қоры да бар, британдық өндірушіні қайта капиталдандыру шешімін іздеп жатыр. McLaren-нің жаңа модельді шығару үшін, тарихи топтамаларын саудалап жатқаны британдық автоөнеркәсіпте жиі қайталанатын құбылыс екенін ескерейік.
Bloomberg агенттігінің пікірінше, британдық автоөнеркәсіп ішкі жану қозғалтқыштары бар автомобильдерден бас тартып, «жасыл» көліктер өндірісіне көшу үшін қаражаттың жетіспеушілігінен дағдарыс басталғалы жатыр. Ал еуропалық нарық 2035 жылдан бастап тек электрлі көліктер шығармақшы.
Егор Васильев, корреспондент
05.12.2022, 16:00