Меню CARMA.KZ

Көлікті шетелден гөрі Қазақстанда сатып алған тиімдірек — зерттеу

Қазақстанда көлікті күтіп ұстау, басқа елдермен салыстырғанда, қалтаға салмақ түсірмейді.

Көлікті шетелден гөрі Қазақстанда сатып алған тиімдірек — зерттеу / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Көлікті шетелден гөрі Қазақстанда сатып алған тиімдірек — зерттеу / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

Energyprom сарапшылары Қазақстанда басқа елдерге қарағанда көлік сатып алу арзанырақ деген қорытындыға келді. Сарапшылардың айтуынша, Ресей, Беларусь және Өзбекстандағы ресми дилерлер елімізде сатылатын көліктердің жиынтықтары мен сипаттамаларына ұқсайтын автомобильдерді саудалайды. Ал Оңтүстік Корея, Жапония және Түркия сияқты елдерде бірдей маркалардың мүлдем басқа жиынтықтары ұсынылған. Сондықтан еліміздің көлік нарығын олармен салыстыруға болмайды.

Мысалы, Қазақстанда қозғалтқыш көлемі 4,4 жаңа BMW X5 M50i құны 110,5 мың долларды (52,2 млн теңге), Ресейде 138,8 мың долларды (65,6 млн теңге) құрайды, ал Оңтүстік Кореяда осыған ұқсас модель 117,8 мың доллар (55,7 млн теңге) тұрады.

Қазақстанда Toyota Corolla көлігін сатып алу басқа елдерге қарағанда, тиімдірек екені белгілі болды. 1,6 CVT қозғалтқышты Comfort жиынтығының құны 26,4 мың доллар (12,6 млн теңге) тұрады. Ресейде ― 35,7 мың доллар (16,9 млн теңге), Арменияда 46,6 мың доллар (22 млн теңге) құрайды. Ал Түркияда Toyota Corolla 1,5 Vision (айтарлықтай ерекшеленетін модель) 31,3 мың доллар (14,8 млн теңге) тұрады.

Hyundai Tucson жиынтығының атауы әр елде әртүрлі аталады. Қазақстанда Hyundai Tucson Travel-дің (G2,5 GDI) құны 31,6 мың доллар (14,9 млн теңге), ал Ресейде Hyundai Tucson Family (модельдің шамалы ғана ерекшелігі бар) 47,9 мың доллар (22,6 млн теңге) тұрады. Беларусьта модель Style (53,9 мың доллар — 25,5 млн теңге), Өзбекстанда Luxe  (46,6 мың доллар — 22 млн теңге) жиынтығында ұсынылылған.

Қытайлық брендтердің құны Қазақстандағы ресми дилерлерде арзан екені белгілі болды. Мысалы, Haval Jolion Elite (1,5 2WD) моделі елімізде 26,4 мың доллар (12,5 млн теңге), Беларусьте — 32,1 мың доллар (15,2 млн теңге), Ресейде 36,8 мың доллар (17,4 млн теңге) тұрады. Chery Tiggo 7 PRO (1,5 Turbo) Premium жиынтығымен Қазақстанда 26,4 мың доллар (12,5 млн теңге), Ресейде Elite жиынтығымен - 43,8 мың доллар (20,7 млн теңге), Беларусьте 34 мың доллар (16,1 млн теңге) тұрады. Ал Өзбекстанда Chery Tiggo 7 Pro моделінің Luxury жиынтығының құны 26,9 мың долларды (12,7 млн теңге) құрайды.

Сондай-ақ, Energyprom мамандары елімізде көлікті күтіп ұстау Еуропа елдеріне қарағанда, арзанырақ екенін атап өтті. Мәселен, Ұлыбританияда экологиялық алым 10- нан 2 635 фунт стерлингке дейін (5 764-тен 1 518 913 теңгеге дейін), ал Германияда улы заттардың әр грамы 2 еуроны (994 теңге) құрайды.

Бензинге келетін болсақ, Қазақстанда оның бір литрінің орташа бағасы 0,46 долларды (217 теңге), Ресейде ― 0,85 долларды (401,8 теңге), АҚШ пен Өзбекстанда 1,03 долларды (487 теңге) құрайды. Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Германияда және Ұлыбританияда одан да жоғары.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында елімізде 97,7 мың бірлік жаңа көлік сатылды. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, 0,9%-ға көп. 2022 жылдың он айында Қазақстан аумағында жалпы құны 902,4 млрд теңгеден асатын 88 мың бірлік техника шығарылды. Жыл басынан бері өндіріс көлемі, 2021 жылдың қаңтар-қазан айларына қарағанда, 23,6%-ға артқан.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
09.12.2022, 11:00