Меню CARMA.KZ

«АвтоВАЗ» Lada Largus-ты 2023 жылы қайта шығармақшы

Lada Largus фургондары мен универсалдары Тольятти зауытында құрастырылуы мүмкін.

«АвтоВАЗ» Lada Largus-ты 2023 жылы қайта шығармақшы / Фото: daily-motor.ru
«АвтоВАЗ» Lada Largus-ты 2023 жылы қайта шығармақшы / Фото: daily-motor.ru

«АвтоВАЗ» 2023 жылы Lada Largus моделін қайта шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды РИА Новости.

«Келесі жылы Largus қайта шығара бастамақшымыз. Сонымен қатар, әдеттегі ішкі жану қозғалтқышымен жабдықталған нұсқада ғана емес, электрлі көлік етіп шығару жоспарда бар. Біз бұл жобаны Ижевскіде таныстырдық. Әрі бірінші прототиптері де дайын. Келесі жылы алғашқы тәжірибелік партияны жасаймыз», — деп мәлімдеді компания президенті Максим Соколов.

«АвтоВАЗ» басшысының айтуынша, электрлі Largus көлігі — Ресейдегі жоғары жерсіндірілген бірегей өнім. Елдегі қалған электромобильдердің барлығы шетелдік аналогтардың ірі тораптық құрастыру екенін атап өтті. Басылымның хабарлауынша, бензинмен жүретін Lada Largus-тың өндірісі келесі жылы Тольяттиде қайта басталады. Аталмыш модель «Линия 1» (бұрынғы B0) желісінде құрастырылады.

Электрлі Largus көлігі «Лада Ижевск» зауытында шығарылатын болады, онда бұрын Vesta моделі жиналған. Ал оның өндірісі биыл Тольятти зауытына ауыстырылғаны мәлім. E-модификациясы 5 және 7 орынды универсалдарда да пайда болады. Олар бір қуатпен 400 км-ге дейін еңсермек. Сонымен қатар, 250 км жүріс қоры және 800 кг дейін жүк көтергіші бар коммерциялық фургон шығару жоспарда бар. Электрлі Largus-тың құны, ІЖҚ моделіне қарағанда (ол 2022 жылы ол 1,3-1,5 млн рубль тұрды), 20-30%-ға жоғары болады.

Ресейдегі Largus өндірісі биылғы сәуір айынан бері қаңтарулы тұр. Оған себеп —логистикалық қиындықтарға байланысты туындаған құрамдастар тапшылығы. Соңғы рет бұл модель шілде айында шығарылған. Ол кезде 1,8 мың көлік жиналған болатын. Биылғы қарашада АвтоВАЗ Lada Largus универсалдары мен фургондарын өндіруге қажетті құрамдастарды тапқанын мәлімдеді, бірақ бұл тек 500 бірлікті жинауға жеткілікті.

Ал электрлі Largus-қа келетін болсақ, оның сериялық өндірісі 2024 жылдан ерте басталмайды. Өйткені электрлі «Ларгус»-тың жобасын әзірлеуге біржарым жыл уақыт қажет, әйтсе де тәжірибеде оны 12 айға дейін қысқартуға болады. Сонымен қатар жаңа Largus көліктері біздің отандық нарыққа қашан қайтып келетіні белгісіз. Ресейлік компания 2022 жылдың I тоқсанынан кейін шығарылған автомобильдерін Қазақстанға жеткізуді тоқтататынын хабарлаған.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
02.12.2022, 15:30