Меню CARMA.KZ

Volkswagen 2033 жылдан бастап Еуропада тек электрлі көлік сататын болады

Осының алдында аталған жылға қарай қарай ішкі жану қозғалтқышынан бас тартатын ниеті барын концерннің құрамына кіретін Audi де мәлімдеген еді.

Volkswagen 2033 жылдан бастап Еуропада тек электрлі көлік сататын болады / Фото: Дром
Volkswagen 2033 жылдан бастап Еуропада тек электрлі көлік сататын болады / Фото: Дром

2033 жылдан бастап еуропа нарығында Volkswagen-нің тек толықтай электрлі модельдері ғана сатылатын болады, деп хабарлайды Automotive News Europe ресурсы.

Бұл туралы компанияның басшысы Томас Шефер айтты. Volkswagen-нің ІЖҚ-мен жаңа көлік шығарудан бас тарту мерзімі бұған дейін айқын болмаған еді: ол шамамен 2033 пен 2035 жылдар аралығында іске аспақ болатын. Компания басшысының сөзінше, Volkswagen 2026 жылға қарай 10 жаңа электромобилін, оның ішінде құны 25 мың еуро болатын модельдерді жасайды. Олар сірә, ID.1 хэтчбегі мен ID.2 кроссовері болса керек.

Сонымен қатар келесі жылы аталмыш марканың алғашқы сериялық электромобилі болып табылатын ID.3-ке рестайлинг жүргізілмек. Сондайақ ID.3-тің кроссовер нұсқасы да жасалып отыр. Volkswagen-нің директоры жақын болашақта жалпы концерн өндірістік стратегиясын қайта қарайтынын тілге тиек етіп кетті.

Оның айтуынша, әр түрлі зауытта әртүрлі брендтердің модельдерін шығарғанша (Volkswagen Group-тың қанатының астында Audi, Škoda, Seat, Bentley, Bugatti жәнее Lamborghini бар), «платформалық ойлауға» көшетін болады, яғни техникалық жағынан бір-біріне ұқсас автомобильдер бір фабрикаға жиналады. Сонымен бірге концерннің бұқараға арналған маркалары, атап айтқанда Volkswagen, Seat мен Skoda сапасын арттыру мақсатында модельдерінің жалпы санын қысқартпақ. Осының нәтижесінде концерннің пайдасы 2025 жылға қарай 8%-ға артуы тиіс.

Осынау мақсатқа жетуде Volkswagen Group өзі жасайтын тартым батареяларының химиялық құрамы мен форматын стандартты етуі маңызды қадам болып отыр.

«Біз қазіргі сәтте индустриядағы ілгерлеп кеткен осындай масштабтағы жалғыз компания болып отырмыз. Мақсатымыз — жалпы концерннің көлемінде барлық брендтер үшін ашық, бірыңғай стандарт жасау», — деп мәлімдеді Томас Шефер.

Биылғы қазанда Volkswagen Group құрамына кіретін немістің Audi көлік өндірушісі 2033 жылға қарай ішкі жану қозғалтқышы бар жаңа автомобильдер шығарудан толықтай бас тартқысы келетінін хабарлаған болатын. Неміс компаниясы 2026 жылдан бастап жаңа жобаларында тек «жасыл» модельдер болады дегенімен, ішкі жану қозғалтқышты автомобильдер игерілген модификацияларды өндіру аясында 2033 жылға дейін шығарыла беретінін айтты.

Естеріңізге сала кетейік, Еуропа 2035 жылға қарай ІЖҚ жаңа автомобильдер шығарудан толықтай бас тартпақшы, аталған мерзім ішінде АҚШ-тың Калифорния штаты да ІЖҚ көліктерден бас тартқалы отыр. Алайда кореялық Hyundai Motor көлік концерні толықтай электрокар шығаруға көшетін ойы жоқ. Себебі оларға қажетті инфрақұрылым әлемнің барлық жерінде бірдей дамымаған деген уәжді алға тартады.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
10.11.2022, 18:13