Toyota Еуропа мен АҚШ-та бағаны көтермекші
Бұл жапон брендінің бірнеше жыл қатарынан бастан кешіп отырған микрочип тапшылығына байланысты болып отыр.
Toyota микрочиптердің жетіспеушілігінен шегіп жатқан шығындарын Еуропа мен АҚШ-та автомобильдерінің бағасын көтеру арқылы жаппақшы. 2022 жылдың ІІІ тоқсанында жапон компаниясының операциялық табысы төрттен бірге, 3,87 млрд долларға (1,8 трлн теңге), ал 2022 жылғы таза табысы 3 млрд долларға (1,4 трлн теңге) азайып кетті.
Toyota-дағылар бағаны қаншаға көтеретіндерін әлі айқындаған жоқ. Toyota-ның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Дзюна Нагатаның айтуынша, компания клиенттердің наразылығын тудырмас үшін бағаны көп қымбаттатқысы келмейді. АҚШ-та Toyota Carolla 25 мыңнан 30 мың долларға дейін (11,4 млн-нан 13,7 млн теңгеге дейін) қымбаттайды делінуде.
«Бағаның ыңғайлы деңгейін табу үшін көп ойлану үстіндеміз. Құрамдастардың қымбаттауы автомобильдің түпкілікті құнына қатты әсер етіп отырған жайы бар», — деп мәлімдеді Дзюн Нагата.
Toyota-ның жоспары бойынша, 2022 қаржы жылында (2023 жылдың наурызына дейін) компания жоспарлағандай 9,7 млн емес, 9,2 млн автомобиль шығаратын болды. Бұған микрочип тапшылығы себеп болып отыр, деп жазады Carscoops.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
06.11.2022, 18:01