Сауд Арабиясы дербес автокөлік брендін шығармақшы
Алғашқы көліктер нарықта 2025 жылы сатылады.
Сауд Арабиясы Ceer деп аталатын дербес брендін шығарды. Ол электромобильдер шығаруға маманданатын болады. Бұл туралы корольдіктің мұрагері Мұхаммед бен Сальман мәлімдеді, деп хабарлайды жергілікті баспасөз агенттігі.
Ceer бренді — Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры мен Тайваньның электроника өндірушісі Foxconn-мен бірлесіп жасаған жобасы. Көлік өндірісінде BMW концернінің лицензияланған құрамдастық технологиялары қолданылады.
Аталмыш бренд кем дегенде 150 миллион шетелдік инвестиция тартуға дәмелі. Сондай-ақ, 30 мыңға жуық жұмыс орнын ұсынады. Оның табысы 2034 жылға қарай 8 млрд долларды құрайды деп жоспарланады. Ceer маркалы алғашқы көліктер нарыққа 2025 жылы шығарылмақшы. Бұл көліктерді тек ішкі нарықта ғана емес, Таяу Шығыс елдеріне де экпорттайды деп болжанып отыр.
Жансая Нурбекова, корреспондент
04.11.2022, 15:28