Ресейде жыл басынан бері 300 қытай көлік салоны ашылды
Ресейде қытайлық шоурумдардың басым көпшілігі соңғы төрт айда ашылды.
Қытайдың автомобиль өндірушілері Ресейде жыл басынан бері 300 көлік салонын ашты, деп хабарлайды Motor.ru.
«Открытие Авто» сараптамалық шолуына сілтеме жасаған ақпараттық ресурстың айтуынша, Аспанасты елі брендтерінің салондары биылғы күзде ерекше көбейіп отыр.
«Ресейде 936 шоурумынан тұратын қытай маркаларының дилерлік желісі жылдам көбейіп шыға келді әрі олардың 300-ге жуығы биыл ашылса, 185-і — шілде мен қараша аралығында пайда болған», — делінеді есепте.
Жаңа шоурумдарының саны жағынан биыл Exeed алдыңғы орында тұр. Брендтің бірден 48 жаңа салоны пайда болды. Сондай-ақ, жаңа Omoda маркасының дилерлері осы күзде 47 франшиз сатып алған.
Қытай өндірушілері арасында 2022 жылы Ресейде жаңа салон ашу қарқындылығы бойынша үшінші орында Chery келеді — ҚХР өндірушілері арасында Ресейде жалпы шоурумдары саны бойынша онымен ешкім теңесе алмайды. Chery-дің 167 шоурумының 42-сі 2022 жылы ашылды.
Сондай-ақ қытайлық Geely-дің шоурумдарының саны 10 айда 44-ке жетті, олардың басым бөлігі биылғы күзден жұмыс істей бастады. Осылайша бұл марканың дилерлік орталықтарының саны 133-ке көбейді. Тағы 41 салонды FAW ашты (қазір оның Ресейде 102 шоурумы бар), өзінің желісіне 26 орталықты Changan да қосты (барлығы 100-ге жетті).
«Үздіктер қатарына кірмей қалған, әйтсе де өз орталықтарын ашқан басқа да қытай маркалары арасынан үш-үштен жаңа салон ашқан Voyah мен Skywell-ді, сондай-ақ бір сауда орталығын ашқан GAC-ты атауға болады», — дейді сарапшылар.
Бір қызығы, Ресейде сауда көлемі бойынша қазан айында АвтоВАЗ-дан кейін екінші тұрған Haval салондар санын күрт көбейтуге ұмтылған жоқ: бұл өндіруші 10 айда тек 10 дилерлік орталық қана ашты. Сонымен оның иелігінде 118 орталық бар.
Сарапшылар Ресейде еуропалық және жапон маркалары көліктерінің қоры таусылғандықтан қытай көлік брендтері осындай белсенді болып отыр деп айтады. Еуропалық және жапон маркалары елге 2022 жылдың наурызына дейін әкелінді және көктемнің басында өндірістерін тоқтатқанға дейін жергілікті зауыттарда шығарылып келді. Сол кезде бастап нарықта кеңкөлемді өзгеріс жүріп, қытай брендтері автомобильдерін жеткізуді жалғастыра бергендіктен, саудасы да қызып сала берді.
Егор Васильев, корреспондент
08.11.2022, 15:52