Қытайдың Yutong автобустары Катарда жанкүйерлерді тасымалдайды
Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатына Қытай құрамасы бара алмағанымен, есесіне Аспанасты елі компаниялары мундиалға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Футболдан әлем чемпионаты өтіп жатқан Катар қалаларының көшелерінде қытайлық Yutong автобусының 1,5 мыңнан астамы жүйткіп жүр. Олардың 888-і электрлі қозғалтқышпен жабдықталған. Автобустар жанкүйерлерді, журналистер мен және ресми тұлғаларды тасымалдауда, деп хабарлайды China Daily басылымы.
Қытайлық Yutong автобустары әлемдік доп додасына жұмылдырылған жалпы көлік құралдарының төрттен бірін құрайды. Олар бір қуатымен 200 шақырым жүріп өтеді.
«Yutong электробустары әлемдегі ең ірі футбол додасында экологиялық қауіпсіз көлік ретінде ұсынылып отыр, ал Yutong Qatar сервисі әлемнің түкпір-түкпірінен келген жанкүйерлер үшін теңдессіз экологиялық тәжірибе ұсынуға дайын», — деді Yutong Qatar-дың басқарушы директорының орынбасары Ган Шаоин.
Yutong Qatar әлем чемпионаты үшін 2 мыңнан астам жүргізушіні арнайы оқытты. Ал сервистік қызмет көрсету үшін 126 адамды жалдады.
Ган Шаоин мундиал кезінде компанияға Yutong электробустарының жұмысына қатысты бірде-бір шағым түспейді деп кепілдік береді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Yutong электрлі автобустарын Сараньдағы (Қарағанды облысы) QazTehna кәсіпорнында да шығарады. 2022 жылы 285 мектеп автобусы мен және қосымша 700-дей басқа да көлік құралын шығару жоспарланған. QazTehna зауытында қалалық, туристік, мектеп және қалааралық автобустар, сондай-ақ жүк көлік түрлері құрастырылады. Оған қоса, олар дизель, бензин, газ және электрлі қозғалтқышпен де шығарылады.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
22.11.2022, 14:26