Қазақстанның екі өңірі сұйытылған газ көлемін қосымша алады
Газ Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына көрші өңірлерден жеткізіледі.
Энергетика министрлігі Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына сұйытылған мұнай газы (СМГ) көлемін қосымша бөлетіндігін жариялады. Аталған өңірлерге сұйытылған мұнай газы көршілес өңірлерден жеткізілмек.
2022 жылдың қараша айында Атырау облысына «ҚазақОйл-Ақтөбе», Gas Processing Company ЖШС және «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ тарапынан 2,1 мың тонна газ қосымша бөлінген болатын. 16 қарашадағы жағдай бойынша аталған көлемнен 521 тонна газ жеткізілген.
Батыс Қазақстан облысына қарашада «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-дан қосымша 504 тонна бөлінді. «Жайықмұнай» ЖШС-мен айырбас негізінде қосымша 400 тонна газ бөліп, оны күн сайын кемінде 60 тоннадан жөнелтіп отыру жөнінде келісім жасалды. Бұл газ көлемі Атырау мұнай өңдеу зауыты толық жұмыс режиміне көшкеннен кейін оралдық зауытқа қайтарылатын болады.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі БҚО мен Атырау облысының әрқайсысына 1,6 мың тоннадан сұйытылған газ бөлу жөнінде «Теңізшевройл» ЖШС-мен келісім жасады.
«Бүгінгі күні сұйытылған мұнай газын сатушы субъектілер Энергетика министрлігі бөлген газ көлеміне жоғарыда аталған зауыттармен келісімшартқа отырып жатыр», — делінеді энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ведомство Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында сұйытылған мұнай газына тапшылық тудырмас үшін осындай қадамға барып отыр. Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарлы жөндеуге тұрғандықтан мұндай қауіп болған, осыған байланысты АМӨЗ 2022 жылғы қарашаның 7-сі мен 14-і аралығында газды сақтау паркіне айдауды тоқтатты.
АМӨЗ толық жұмыс режиміне 28 қарашада көшеді. Бірақ зауыт 23 қарашадан бастап тәулігіне 600 тонна өндіріп, ол көлем де сұйытылған мұнай газына тапшылық тудырмас үшін өңірлерге жөнелтілмекші.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
16.11.2022, 16:10