Қазақстаннан 165 тонна АИ-95 бензині заңсыз әкетілген
Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері тағы 280 тонна бензин әкетпекші болғандарды әшкереледі.
Қаржы мониторингі агенттігінің Павлодар облысы департаментінің қызметкерлері, АИ-95 бензинін Қазақстаннан Ресейге заңсыз алып шықпақ болғандарды анықтады. 3 вагон цистернадан тұратын контрабанда жанармай қоспасы ретінде «рәсімделген». Заңсыз әкетілген жанармайдың жалпы құны 54 млн теңгенің 165 тонна АИ-95 бензинін құрады.
Осындай жағдай екінші рет қайталанып тұр. Дәл осы компания құны 89 млн теңгені құрайтын 280 тонна АИ-95 бензинін Өзбекстанға жөнелтпекші болған.
«Бұл компания Өзбекстан мен Тәжікстанға жалпы құны 90 млн доллар болатын (41,9 млрд теңге) 100 мың тоннадан астам жанармай экспорттауды көздеген. Компания директоры кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді», — делінген қаржы мониторингі агенттігінің хабарламасында.
Агенттіктің мәлімдеуінше, бензин құйылған цистерналар тәркіленіп, мемлекет кірісіне айналдырылды, сотталушыдан бұған дейін сатқан сомасы 54 млн теңгені құрайтын бензиннің құны мемлекет кірісіне өндірілді. Сот үкімімен ЖШС директоры кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
04.11.2022, 15:16