Қазақстандықтар көлікті Грузиядан көп сатып ала бастады
Руставидегі көлік базарынан Орталық Азия елдеріне ай сайын 1,5 мың автомобиль жөнелтіледі.
Қазақстандықтар Рустави қаласындағы (Грузия) көлік базарынан автомобильдерді көтере сатып алатын болған. 2022 жылы ол жерден Орталық Азия елдеріне көлік реэкспорты бірнеше есе өскен. Автомобильдерді әсіресе қазақстандықтар көп сатып алады, делінеді «Хабар24» телеарнасының репортажында.
«Орта Азия елдеріне реэкспорт көрсеткіші өте жақсы. Олардың арасында Қазақстан алғашқы орында тұр. Өткен жылмен салыстырғанда, реэкспорт 5 есе өсті. Бұрын Орта Азияға бізден 200-ден астам автомобиль жөнелтілетін, қазір ол көрсеткіш айына 1,5 мыңды құрайды», — дейді Руставидегі көлік базарының маркетинг және жарнама директоры Стелла Камандарова.
«Хабар24» дерегі бойынша, Руставидегі көлік базарындағы сатылуға қойылған автомобильдердің саны 2022 жылы 33%-ға артқан. Оның барлығы сұраныстың артуына байланысты болып отыр. Мәселен, биылдың басынан бері қазақстандықтар аталған көлік базарынан көлікті 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 есе көп сатып алған.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
03.11.2022, 12:41