Меню CARMA.KZ

Қазақстандықтар көлік несиесін алуға өтінімді көптеп бере бастады

Дей тұрғанмен, банктер қазақстандықтар берген өтінімнің 88%-ын мақұлдамаған.

Қазақстандықтар көлік несиесін алуға өтінімді көптеп бере бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды
Қазақстандықтар көлік несиесін алуға өтінімді көптеп бере бастады / Фотосурет ашық дереккөзден алынды

2022 жылдың ІІІ тоқсанында қазақстандықтар автомобиль сатып алу үшін несие рәсімдеуге 435 мың өтінім берген. Салыстырар болсақ, ІІ тоқсанда ел азаматтары барлығы 393 өтінім берген, делінеді Ұлттық банктің несиелеу бойынша банктерге жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша жасаған есебінде.

«Дегенмен, өтінім саны орташа банктерде артып отыр, ал керісінше жекелеген бір ірі банкте пайыздық мөлшерлемені көтеру арқылы көлік несиесінің талаптары қатаңдатылған. Бұл сұраныстың төмендеуіне әсер етіп отыр. Атап айтқанда, бөлшек несиелеуде келіп түскен өтінімдер бойынша негізінен көлік несиесіне берілген өтінімдерден бас тартылған (88%)», — деп мәлімдейді Ұлттық банктегілер. Яғни, банктер келіп түскен 10 өтінімнің 9-ын мақұлдамаған.

Көлікке арналған жеңіл несие бағдарламасының операторы жақын арада кезекті түзуге арналған онлайн-платформаны іске қоспақшы, ол өтінімдерді қарастыру уақытының қысқаруына жағымды әсер ететін болады.

Бұған дейін Өнеркәсіпті дамыту қорының басқарма төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров жеңілдетілген көлік несиесі бағдарламасы аясында көлік несиесін беру қарашаның алғашқы жартысында қайта жанданатынын айтқан болатын.

Бағдарламаның өзі 2022 жылдың 16 мамырында іске қосылды. Ол бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгені құрады. Бағдарлама револьверлік режимде жұмыс істейді, яғни несиені өтеуден түскен ақша жаңа қарыз беруге жұмсалады.

Өнеркәсіпті дамыту қорының есебі бойынша, бағдарлама 25 жыл іске асырылған жағдайда жеңілдетілген көлік несиесін қаржыландырудың жалпы көлемі 457 млрд теңгені (алғашқы 100 млрд теңгені қоса есептегенде, қайтадан қарыз беруге бағытталатын қаражатты қоса алғанда) құрамақ. Бұл ақшаға егер орташа чек 7,7 млн теңге болатын болса, қазақстандықтар 59,4 мың автомобиль сатып ала алады. Егер қарыздың орташа құны 10 млн теңге болатын болса, онда азаматтарымыз 45,7 мың көлік мінеді.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
25.11.2022, 14:06