Меню CARMA.KZ

Қазақстанда шығарылған JAC Беларусьта сатыла бастады

Беларусьқа әзірге тек 40 JAC жеткізілді, жыл соңына дейін тағы 200 автомобиль апарады.

Қазақстанда шығарылған JAC Беларусьта сатыла бастады / Фото: auto.onliner.by
Қазақстанда шығарылған JAC Беларусьта сатыла бастады / Фото: auto.onliner.by

Беларусьта елімізде құрастырылған JAC автомобильдері сатыла бастады. Автомобильдер «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп»-тің Қостанайдағы кәсіпорнында құрастырылған. Бүгінгі таңда әзірге тек  40 шақты JAC J7 лифбегі жеткізілді. Жылдың соңына дейін тағы 200 дана JAC JS4 және JAC JS6 кроссоверлері апарылады.

JAC J7 көлемі 1,5 литрлік турбиналы бензин қозғалқышпен жабдықталған, қуаттылығы 136 ат күшін құрайды, отын шығыны — 100 шақырымға 7,6-8 литр.

«Шанақтың алдыңғы элементтерін біздің жолдарымызда өте көп себілетін тұзды қоспалардан қорғағыш қоймау — ақылға сыйымсыз. Сондықтан мұнымен сервис қызметкерлері күресуге тура келмек. Өйткені жемірлікке қарсы қосымша қорғаусыз бұл «Джак»-тар белорустың алғашқы қысынан кейін-ақ шіри бастайды», — деп жазады AV автомобиль порталының бас редакторы Дмитрий Макаревич.

Жақсы жақтары ретінде құралдардың сандық панелі мен орталық консольдағы үлкен планшетті атады. Опциялар қатарында кілтсіз ену, жарықдиодты оптика (алдыңғы және артқы шамдары), артқы көрініс камерасы, дөңгелектердегі қысымды бақылау жүйесі, мультируль, алдыңғы отырғыштардың жылытқыштары, алты қауіпсіздік жастығы, ESP, ABS және 17-дюймдық жеңілқорытпалы дискілер қарастырылған.

«Салон сапалы жинақталған секілді: отырғыштардың тігісі біркелкі, Tesla-нікі секілді етіп жасалған жарық әрі сезімтал 10,4-дюймдық экран, түймелер санының аздығы, вариатор селекторы және қозғалтқышты  іске қосу мен тұру тежегішінің үш батырмасы бар консольдің төменгі жағы еуропалық үлгіде безендірілген», — делінеді шолуда.

«Китайские автомобили Казахстан» telegram-арнасының деректері бойынша, Беларусьта JAC J7 автомобилінің Luxury нұсқасы 67,1 мың белорус рублі (12,6 млн теңге), пикаптары — 93,1 мың белорус рублі (17,5 млн теңге) тұрады. Қазастанда олардың сәйкес жиынтықтарының құны 10,64 және 14,9 млн теңгені құрайды.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
02.11.2022, 15:18