Меню CARMA.KZ

Қазақстанда қауіпті көлік шығаруға тыйым салынған

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі БАҚ-та тараған қате ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

Қазақстанда қауіпті көлік шығаруға тыйым салынған / Фото: autocentre.ua
Қазақстанда қауіпті көлік шығаруға тыйым салынған / Фото: autocentre.ua

ҚР ИИДМ елімізде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін көліктердің шығарылуына тыйым салынғанын ескертті. Ведомство жалған ақпарат таратқаны үшін БАҚ жауапкершілік арқалайтынын еске салды.

«Бұл қаулы «Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссиясы Кеңесінің 2022 жылдың 5-ші сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданды. Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпанына дейін заңды күші бар қаулысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жастықтарымен жабдықталмаған және экологиялық санаты төмендетілген автокөліктерді шығаруға тікелей құқық бермейді», — делінген хабарламада.

Тиісті жүйелермен жабдықталмаған автомобильдерді шығаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір құрамдастардың болмағанына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттаудан өткізуі және оның қауіпсіз болуы міндетті. Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімдерінде қарастырылған.

«Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарыла алмайды. Сондықтан өндірушілер «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтап келеді», — делінген хабарламада.

Осы ретте ИИДМ ақпарат құралдарына тексерілмеген дәйексіз ақпаратты таратпауды өтініп, ол үшін жауапкершілік барын ескертеді.

Жансая Нурбекова

Жансая Нурбекова, корреспондент
17.11.2022, 12:49