Меню CARMA.KZ

Lamborghini биыл құрастырылған Countach суперкарларын кері қайтартқалы жатыр

Мотор бөлігінің қақпағы түсіп қалатындығы Катарда анықталса да, Штаттардағы көліктер кері қайтарылып жатыр.

Lamborghini биыл құрастырылған Countach суперкарларын кері қайтартқалы жатыр / Фото: Lamborghini
Lamborghini биыл құрастырылған Countach суперкарларын кері қайтартқалы жатыр / Фото: Lamborghini

Италиялық Lamborghini өзінің жаңа моделі Countach-тың мотор бөлігінің қақпағы түсіп қала беретін болған соң кері қайтарып алатын болды, деп хабарлайды Motor.ru.

Кері қайтарылғалы жатқан Countach LPI 800-4 суперкары 2022 жылы құрастырылған. Мәселенің мәнісі сол, өндірістік қателікке байланысты мотор бөлігінің шыны панельдерінің бірі немесе қатарынан бірнешеуі жүріп келе жатқанда түсіп қалатын болған, деп жазады АҚШ-тың Қозғалыс қауіпсіздігінің ұлттық басқармасына сілтеме жасаған ақпарат ресурсы. Әзірше АҚШ-та сервистік орталықтарға жаңа Countach-ты сатып алған тоғыз адамға шақырту жолданды.

Әйтсе де биылғы қазан айында дәл осындай ақауды жаңа Countach-ты Катардағы сатып алушылар да байқаған. Осыдан соң италиялық өндіруші ішкі тексеру жүргізетін болып шешті. Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес, қақпағын құрастыру кезеңінде жеткізушінің кінәсінен қателікке жол берілген болуы мүмкін, салдарынан панельдер топсасынан шығып кететін болса керек.

Мұнан суперкардың өзіне қандай да бір апаттық жағдай туындамаса да, тас жолда Countach LPI 800-4 көлігінің артында келе жатқан көлік құралына зақым келуі әбден кәдік. Кінәраты бар Lamborghini-дің иелеріне көлікті кері қайтару жөнінде 2023 жылдың 13 қаңтарынан бастап хат жолданатын болады: автомобильдер дилерлік орталықтарға алдыртылып, ол жерде сервис қызметкерлері қақпақтың шыныларын тексеріп, қажет болған жағдайда оларды басқасына ауыстыратын болады.

Lamborghini АҚШ-та 2022 жылы бұған дейін де көліктерін кері алдырған еді. Ол кезде құрастыру процесіндегі қателіктерге байланысты осындай қадамға барды. Нақты айтқанда 2022 жылғы мамырдың 2-сі мен 9-ы аралығында құрастырылған Huracan автомобильдерінің жүргізуші жағының есіктері дұрыс құрастырылмай, соның салдарынан ішкі тұтқасының көмегімен ашу мүмкін емес еді. Десек те компания жылдам әрекет етіп, мамыр айында шығарған 21 автомобильдің есігін шілде айында ретке келтіріп берді.

Анықталғандай, Huracan-ның есігіндегі ақау есіктің ашып-жабылу тросын қысып қалатын қысқыш дұрыс орналаспағаннан болып шықты. Осыдан екі жыл бұрын дәл осындай мәселе Lamborghini Aventador-да да туындаған болатын. Ол кезде көлікті құрастырушы 26 дана купе мен SVJ родстеріндегі тросты дұрыс бекітпей, осыдан соң есіктер іштен ашылмай қалатын болған. Ал 2022 жылдың көктемінде Lamborghini 9 Huracan STO көлігін кері алдырды. Оған себеп — зауытта оларға транссмиссиялық сұйықтықтың шамадан тыс көп құйылуы.

Алайда, осындай «кемшіліктеріне» қарамастан, италиялық компанияның клиенті азаятын емес: биылғы қарашаның соңында ол өнімдерінің саудасы құрастыру мүмкіндіктерінен асып түскенін айтты — Lamborghini өзінің автомобильдерін екі жыл ерте сатып тастады. Ал тамызда компания жарты жылда рекордтық көлемде көлік сатқанын хабарлады — ол қаңтар-мен маусым аралығында 5090 автомобиль сатқан, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 4,9%-ға көп.

 

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
25.11.2022, 12:18