КамАЗ өндіріс көлемін 2021 жылғы деңгейде сақтап қалатындығына сенімді
Набережные Челныда орналасқан өндіруші былтыр 44,1 мың көлік шығарған.
«КамАЗ» ЖАҚ басшылығы өндірісті былтырғы деңгейде ұстап қалатындығына сенімді, деп хабарлайды «Прайм» агенттігі.
Агенттік Мәскеуде өткен «Қоғамдық көлік 2022» форумы барысында өндіріс көлемі бойынша болжамдары туралы сұраған журналистерге «КамАЗ» ЖАҚ бас директоры Сергей Когогиннің берген жауабына сілтеме жасап отыр.
«Былтырғы деңгей, мүмкін, шамалы көбірек болады», — деді көлік өндірушісінің өкілі, сөйтсе де ол компанияның келесі, 2023 жылға құрған жоспары туралы айтпады.
Былтыр «КамАЗ» 44,1 мың автомобиль шығарып, өндіріс көлемін 2020 жылмен салыстырғанда 18%ға арттырды. Ресейлік көлік өндірушісінің баспасөз қызметі қарашаның 10-ына таяу Набережные Челныдағы кәсіпорын биылғы 10 айда 36 мың 040 көлік жиынтығын шығарғанын хабарлаған еді.
2022 жылдың екінші жартысында жүк көліктері өндірісінде басты өзгеріс — оның толық жетекті автомобильдер шығаруға қайта икемделуі болды. Компания жасалған келісімшарттарды орындау үшін барлық ресурсын, оның ішінде жекелеген өндірістерінде жұмысқа тартылған жұмыскерлерге артық жұмыс істегендері үшін екі есе ақы төленетін 12-сағаттық жұмыс ауысымын енгізді.
Бұған дейін Когогиннің өзі айтып өткендей, күзде әдетте жүк көліктеріне сұраныс жоғары болады, сондықтан нарықтың барлық сұранысын өтеу үшін КамАЗ-дың алдында құрастыруды қарқындату міндеті түр. Бұл үшін кәсіпорында өндірісті қайта құрып шығу мен жеткізу жүйелерін жаңа экономикалық талаптарға сай бейіндеу бойынша кеңкөлемді жұмыс жүргізілді. Бүгінде жүк көліктерінің К3 буыны, сонымен қатар К4 және К5 модельдік қатарлары құрастырылып жатыр.
«КамАЗ» — толық салмағы 14-40 тонналық жүк көліктерін шығаратын ресейлік ірі өндіруші. Украинадағы жағдайдан кейін компания ЕО, Ұлыбритания және АҚШ-тың, сондай-ақ Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия және Швейцарияның санкцияларына ілікті. «КамАЗ»-дың 47,1% акциясын иеленіп отырған негізгі акционері — «Ростех» мемлекеттік корпорациясы да Ұлыбритания мен АҚШ-тың санкциясында отыр.
Қазақстанда ресейлік өндірушінің атынан Көкшетау қаласында орын тепкен «КАМАЗ-Инжиниринг» компаниясы жұмыс істейді. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының деректері бойынша, «КАМАЗ-Инжиниринг» 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында 728 жүк көлігі мен 171 бірлік арнайы техника шығарған. Бұл 1 мың 115көлік құралы шығарылған 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20%-ға аз. Еліміздегі кәсіпорын биыл жыл басынан бері Ресейден әкелінетін құрамдастарға тапшылық көріп келді. Дегенмен қараша айына қарай бұрынғы толыққанды өндіріс көлеміне қайта оралған.

Егор Васильев, корреспондент
17.11.2022, 12:31