«КАМАЗ» 2022 жылдың 10 айында өндірісін 1,5%-ға өсірді
Жылдық есептеуде, сонымен қатар, Татарстанда көлік жиынтықтарын шығару 14%-ға жуық қысқарып қалды.
«КАМАЗ» ЖАҚ-тың зауыттары мен бөлімшелері өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда биылдың қаңтар-қазанында автомобильді 1,5%-ға көп шығарды, деп хабарлайды ресейлік көлік өндірушінің баспасөз қызметі.
Биылғы жылдың басынан бастап қазанның 31-іне дейінгі аралықта Набережные Челныда 36 мың 040 көлік жиынтығы шығарылған. Былтыр дәл осындай кезеңде 35 506 бірлік шығарылыпты. Сонымен қатар жылдық есептеуде (2021 жылдың қазаны мен 2022 жылдың қазаны) өндіріс 13,8%-ға құлдыраған: 2021 жылдың қазанында 4 мың 390 көлік жиынтығы өндірілген болса, биыл конвейерден 3 мың 785 жүк көлігі шығарылған. Бір жыл бұрын өндірістің артуына Татарстанда жасалатын жүк көліктеріне ішкі нарықта сұраныстың көбейі ықпал еткен еді.
Айта кету керек, 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша «КАМАЗ» 32 255 жүк көлігін шығарған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнің көрсеткішінен 4%-ға артық. Ресейлік көлік өндірушінің баспасөз қызметі таратқан хабарламадан белгілі болғандай, 2022 жылдың екінші жартысында жүк көліктерінің өндірісіндегі басты өзгеріс оны мемлекеттік тапсырыс берушіге арнап толықжетекті автомобиль шығаруға икемдеу болды.
Компания жасалған келісімшарттарды орындау үшін қолда бар ресурстарының барлығын іске қосты. Оның ішінде жекелеген өндірістерде жұмылдырылғандарға артық жұмыс үшін екі ақы төленетін 12-сағаттық жұмыс ауысымын енгізді. Қозғалтқыш шығаратын зауыт өткен айда құрастыру алаңдары мен басқа да тұтынушыларына 4 мың 643 қозғалтқыш пен күштік агрегат жеткізген. Жалпы алғанда жыл басынан бері 39 мың 678 бірлігін жеткізіпті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,2%-ға көп.
2022 жылдың қазанында зауыт бұрынырақ сатып алынған «КАМАЗ» көліктері үшін жалпы сомасы 3,21 млрд рубльдің (қазіргі бағам бойынша 24,5 млрд теңге) қосалқы бөлшектерін жөнелткен. Былтырғы сәйкес кезеңде ол 2,8 млрд рубльді құраған болатын. Жыл басынан бастап 31 қазан аралығында «КАМАЗ» ЖАҚ бөлімшесі сомасы 27,82 млрд рубльдің (212,1 млрд теңге) қосалқы бөлшектерін сатты. Бұл сомасы 25 млрд рубльдің қосалқы бөлшектері сатылған 2021 жылдың қаңтар-қазанындағы көрсеткіштен 11,3%-ға көп.
«КАМАЗ» — толық массасы 14-40 тонналық жүк көліктерін шығаратын ресейлік ірі өндіруші. Украина аумағында соғыс операциясы басталғалы бері компания ЕО, Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия, Канада, Жаңа Зеландия және Швейцария елдері салған санкцияларға ілікті. «КАМАЗ»-дың 47,1% акциясын иеленіп отырған негізгі акционері — «Ростех» мемлекеттік корпорациясына да Ұлыбритания мен АҚШ санкция салды.
Қазақстанда ресейлік өндірушінің атынан Көкшетау қаласында орын тепкен «КАМАЗ-Инжиниринг» компаниясы өкілдік етеді. Қазақстанның автобизнес қауымдастығының дерегі бойынша, 2022 жылдың қаңтары мен қыркүйегі аралығында бұл өндіріс орны 899 жүк көлігін шығарған. Бұл 1 мың 115 көлік құралын шығарған 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 20%-ға аз.
Егор Васильев, корреспондент
09.11.2022, 13:07