Меню CARMA.KZ

Fiesta Еуропада шығарылмайтын болды

Ford-тың Еуропадағы бөлімшесі ертеде шыққан модельдерінің бірі — Fiesta-ны жақында өндірістен алып тастайтынын мәлімдеді.

 

Fiesta Еуропада шығарылмайтын болды / Фото: ford-vidi.com.ua
Fiesta Еуропада шығарылмайтын болды / Фото: ford-vidi.com.ua

Америкалық Ford көлік өндірушісі еуропа нарығына арналған Fiesta моделін шығаруды доғарады, деп хабарлайды Motor.ru.

Ford Fiesta нарықта 1979 жылы пайда болып, 46 жыл ішінде жеті буынын алмастырды. Кейбір жылдары бұл модель Еуропада жылына 400-450 мыңнан сатылған. Дегенмен соңғы жылдары Кәрі Құрлықта Fiesta-ға сұраныс жылына 80 мыңға дейін төмендеп кетті. 2021 жылдың алғашқы айларында 19 844 көлік сатылған болса, 2022 жылдың дәл осындай кезеңінде бар-жоғы 7608 данасы өткен. Осыған байланысты бас компания қарт модельді доғарысқа жіберуді ұйғарды.

Еуропа нарығына арналған шағын модельді Германиядағы зауытта құрастырады. Оның өндірісін 2023 жылдың маусымында тоқтату жоспарланған. Модель конвейерден бұдан да ертеректеу алынып тасталатын ба еді, бірақ биылғы шілде айында Ford электронды құрамдастардың жетіспеушілігіне байланысты Fiesta-ға тапсырыс қабылдауды тоқтатып қойған болатын. Осының салдарынан модельдің сұранысқа ие жиынтықтарына тапсырыстың кезегі келер жылдың ортасына дейін созылып кетті.

Осының алдында Ford-тың еуропалық кеңсесіндегілер компания «тұтынушылық сұранысқа бейімдеу үшін модельдік қатарды жеңілдетіп, оңтайландырады» деп мәлімдеген болатын. Қолжетімді автомобильдердің тізімінен алдымен үшесікті Fiesta RS шығып қалған болса, оның ізін ала қарапайым, үшесікті хэтчбэк те жоғалды. Бір қызығы, америка нарығында модель өндірістен алынбақ түгіл, керісінше жаңа модификацияға ие болып жатқан жайы бар.

Атап айтқанда, биылғы сәуір айында Ford Fiesta-ның шоғырына Sport Van деп аталатын хэтчбэктің жүк тасуға арналған модификациясын қайта қосты. Стандарт көліктен бір айырмашылығы мұнда артқы диван жоқ — оның орнына ұзындығы 1,3 метрлік жүк сыйып кететін жүк бөлігін жасаған. Жүк таситын хэтчбэктің интерьері тозбайтын материалдан жасалып, жолаушылар мен жүк бөлігі торлы композитті қабырғамен бөлінген. Көлік 500 келіге дейін жүк көтере алады, ол 125 ат күшіне тең бір литрлік турбомотормен немесе 120 ат күшіне тең 1,5 литрлік дизель моторлы болады.

Ford шілдеде, өткізгіштердің тапшылығына байланысты Fiesta-ға жаңа тапсырыстар қабылдауды тоқтатумен қатар, Focus моделіне де тапсырыс қабылдауды доғарған болатын. Focus құрастырылатын Германияның Зарлуи қаласындағы фабрикадағылардың айтуынша, жылдың соңына дейін тапсырыс алынып қойған, сондықтан жаңа тапсырыстарды келер жылдың көктеміне дейін орындау неғайбыл. Биыл құрастыру бөлшектерінің жетіспеуіне байланысты зауыт 117 мың ғана «Форус» шығаратын болды. Бұл жоспардағысынан 78 мыңға аз. Ал 2023 жылға арналған жоспарын Ford әлі сол күйі ұстап тұр: келер жылы 143 мың дана көлік шығармақшы. Алайда бәрі де бөлшектер жеткізудегі әлі де жойылмай отырған дағдарысқа байланысты болмақ.

Егор Васильев

Егор Васильев, корреспондент
10.11.2022, 14:41