Меню CARMA.KZ

BMW Қытайдағы өндірісін кеңейтуге 1,4 миллиард доллар қаржы құяды

Компанияның айтуынша, бұл BMW-ның Қытай нарығының болашағына деген сенімін көрсетеді.

BMW Қытайдағы өндірісін кеңейтуге 1,4 миллиард доллар қаржы құяды / Фото: Automotive News
BMW Қытайдағы өндірісін кеңейтуге 1,4 миллиард доллар қаржы құяды / Фото: Automotive News

BMW Қытайдың Шеньян қаласындағы (Ляонин провинциясы) кәсіпорнында электромобильдерге арналған аккумуляторлар өндірісін кеңейтуге 1,41 млрд доллар (651 млрд теңге) қаржы құяды. Осылайша, неміс-қытай бірлескен BMW Brilliance кәсіпорны жаңа энергия көздерімен көлік шығаруды тездетпекші.  
BMW Group Region China президенті Йохан Голлердің айтуынша, бұл инвестиция BMW-ның Қытай автомобиль нарығының болашағына деген толық сенімін көрсетеді.

BMW Brilliance-тың Шэньяндағы зауыты 2017 жылдан жұмыс істей бастады. 2020 жылы кәсіпорын кеңейді, деп хабарлайды Chinadaily.

Бұған дейін BMW AG басқарма төрағасы Оливер Зипсе, Қытайды неміс автобренді үшін негізгі нарықтың бірі екенін айтқан болатын. Компания Аспанасты елінің нарығынан үлкен үміт күтеді. Сондықтан олар елде кеңінен қанат жаймақшы. Биылғы жылы BMW Шеньяндағы тағы бір зауытты, атап айтсақ Lydia-ны іске қосты. Инвестициялардың жалпы көлемі 2,1 млрд долларды (970 млрд теңге) құрады.

BMW Қытай нарығына 1994 жылы келді. Сол кезден бастап неміс компаниясы елде 6 миллионнан астам көлігін сатты. Тек 2021 жылы ол Қытайға 846 мың BMW және Mini көліктерін жеткізген. BMW желісіндегі ең ірі өндірістік база — Шэньянда (Ляонин провинциясы) орналасқан.

2021 жылы BMW Brilliance бірлескен неміс-қытай кәсіпорнының жалпы сатып алу көлемі 9,84 млрд долларды (4,5 трлн теңге) құрады.

Ербол Мухамбаев

Ербол Мухамбаев, корреспондент
19.11.2022, 10:38