BAIC жаңа BJ60 жол талғамайтын көлігін таныстырды
Жаңа автомобиль Аспанасты елінің нарығында теңгеге шаққанда 15,5 млн тұрады.
Қытайдың BAIC автоконцерні жаңа Beijing BJ60 рамалық жол талғамайтын көлігін таныстырды. Ол Аспанасты елінің нарығында сатыла бастады, деп хабарлайды Автостат порталы.
Жаңа жол талғамайтын көлік бес жиынтықта, 239,8 мыңнан 285,8 мың юаньға дейінгі (қазіргі бағам бойынша 15,5 — 18,4 млн теңгеге) бағада ұсынылып отыр. BJ60 көлігінің өлшемдері 5040 x 1955 x 1925 мм, дөңгелек базасы — 2820 мм. Жаңа автомобиль осынау көрсеткіштерімен BJ80 және BJ90 модельдерінің аралығындағы модель болып саналады. Жол талғамайтын көліктің жол саңылауы — 215 мм, жүріп кіру және шығу бұрыштары 30 және 24 градусты құрайды.
BJ60-да жұмсақ гибридті жүйемен (48V белдік стартер- генераторы) жұптастырылған 2 литрлік турбо бензин қозғалтқышы қарастырылған. Мұндай қондырғының ең жоғары қуаты 267 а.к. жетеді, ал айналу моменті 406 Нм құрайды. Максималды жылдамдығы — 180 км/сағ, қозғалтқышы 8-сатылы автоматты беріліс қорабымен және үш дифференциалды құлыптары бар қосылатын толық жетекпен бірге жұмыс істейді.
Аталмыш көлік 9 түрлі жүргізу режимін қарастырады. BJ60 автомобилінің сыртқы сипаттамаларына келетін болсақ, көліктің радиатор торы алыс және күндізгі шамдармен тұтас етіп жасалған. Жалпы жаңа автомобильдің жоғары капот сызығы, жол саңылауы, тарамдалған дөңгелек аркалары және жүксалғыш есігіне орнатылған қосалқы дөңгелегі бар. Осыған қарап оның әдеттегі жол талғамайтын көлікке ұқсайтынын байқауға болады.
Жол талғамайтын көліктің салонында екі экран қарастылған. Біріншісі бақылау тақтасы (10,25 дюйм) үшін, ал екіншісі негізгі монитордың (12,8 дюйм) қызметін атқарады. Сондай-ақ, салон айнасын батырманы басу арқылы экранға айналдыруға болады. Ол артқы жақтағы көріністі көруге арналған. BJ60 көлігінің орталық туннелінде телефонды сымсыз қуаттауға болады. Өндіруші сатып алушыларға 5 және 7 орынды салонның екі нұсқасын ұсынған.
Егор Васильев, корреспондент
25.11.2022, 12:16