«АвтоВАЗ» жаңа толық жетекті көлік шығармақшы
Жаңа модель кем дегенде 3-4 жылдан кейін пайда болуы мүмкін.
«АвтоВАЗ» жаңа толық жетекті LADA моделін шығаруды ойластырып жатыр. Компания президенті Максим Соколовтың айтуынша, көлік 3-4 жылдан кейін барып пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды «РИА Новости» ресурсы.
«Бұл біз көп айтқан технологиялық тәуелсіздіктің негізгі элементтерінің бірі. Бүгінгі таңда толық жетекті модельдерге сұраныс жоғары болғандықтан, біз де құр алақан қалмаймыз. Бұл біздің автоөнеркәсіпке және «АвтоВАЗ» модельдері үшін қажет. Дәл қазіргі уақытта жасамасақ та, жоспарымызда бар. Ол мен айтқан үш-төрт жылдың шамасында мүмкін болады және 30 млрд рубльдей қаржыны қажет етеді», — деді Максим Соколов журналистерге «Көлік апталығы 2022» аясында.
Қазір LADA модельдерінің ішінде Niva көліктері ғана толық жетекті. Алайда, сарапшылардың пікірінше, бұл көліктерге қолданылатын технология ескірген.
«Автостат» агенттігінің мәліметінше, «АвтоВАЗ» Иранның автомобильдерді бірлесіп өндіру туралы ұсынысын қарастырып жатыр. Сондай-ақ, Қытай мен Үндістанның компанияларымен әріптес болуы мүмкін.
Қазақстанның автобизнес қауымдастығының (АҚАБ) деректері бойынша, 2022 жылдың қаңтар-қазан аралығында Lada көліктері елімізде сауда бойынша үздіктердің қатарынан табылды. Оның 7 мың көлігі сатылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 5%-ға көп.
Ербол Мухамбаев, корреспондент
18.11.2022, 15:30